Президенттің теннис ойнап жатқан видеосы Қытайда 1 млн рет қаралды
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform халықаралық агенттігінің әлеуметтік желісінде жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстел теннисін ойнап жатқан видеосы Қытайда 1 миллионнан астам рет қаралған.
Биыл қараша айының басында Мемлекет басшысы Францияға мемлекеттік сапармен барды. Осы кезеңде Франция президенті Эмманюэль Макрон президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарын қарсы алу үшін мемлекеттік қабылдау өткізді.
Салтанатты кеш соңында Эмманюэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевқа үстел теннисінен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Алексис Лебренді таныстырды.
Мемлекет басшысының Парижде үстел теннисін ойнап жатқаны жайында түсірілген бұл видео Kazinform-ның «WeChat Video» платформасында жарияланғаннан кейін 1 миллионнан астам рет қаралды.
Осы уақытқа дейін видео 1,053 миллион рет қаралып, 3023 «лайк» пен жүздеген пікір жинаған.
Кейбір қытайлық көрермендер Қазақстан Президентінің үстел теннисіндегі шеберлігі өте жақсы және кәсіби ойыншылармен тең дәрежеде болғанын айтса, оған басқалары Тоқаевтың бір кездері Қытайда жұмыс істегенін, сондықтан оның үстел теннисімен айналысуы қалыпты жағдай екенін атап өтті.
Үстел теннисі Қытайда өте танымал спорт түрі, тіпті оны Қытайдың «ұлттық спорты» ретінде санайды.
Айта кетейік, Тоқаев Қазақстан үстел теннисі федерациясының төрағасы қызметін 13 жыл қатарынан атқарған.