ҚР СІМ басшысы: Қазақстан, Германия және Франция көпжақты форматтағы диалогты кеңейтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азиядағы өңірлік мәселелерді, атап айтқанда, қауіпсіздік, экономика, су ресурстарын пайдалану және экологияны қорғау, транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту және дүниежүзі шаруашылығының байланыстарына өңірдің тартылу деңгейін арттыру салаларындағы мәселелерді шешуде Қазақстан Германия және Франциямен ынтымақтастықты кеңейтуге елеулі әлеуеті бар.
None
None

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бүгін Астанада өткен Германия және Францияның Орталық Азия, Ресей, Қытай, Ауғанстан елдеріндегі және Еуропалық Одақ жанындағы елшілерінің бірлескен конференциясы барысында мәлімдеді, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі.

Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметінің (ЕСӘҚ) жоғары лауазымды өкілдері қатысқан іс-шарада сөйлеген сөзінде Е. Ыдырысов «Қазақстан - 2050» Стратегиясының, Қазақстан Президентінің халқына арнаған «Нұрлы Жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі басымдықтарын атап өтті. Осы кең ауқымды бағдарламалардың жүзеге асырылуы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық сапалы дамуын ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлік мәселелердің, соның ішінде Орталық Азия бес елдерінің құрлық қоршауында қалу мәселесінің кешенді шешілуіне өз септігін тигізеді, деп атап өтті министр.

ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экномикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтіп, бүгінде ЕО Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және еліміздегі ең ірі инвестор екенін де баса айтты. Министрдің ойынша, ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуеті үстіміздегі жылы қол қоюға жоспарланып отырған ҚР мен ЕО арасындағы кенейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімде жатыр.

ҚР Сыртқы істер министрі өз сөзінде еуропалық мемлекеттермен жаңа қауіп-қатерлерге жауап беру тұрғысынан ынтымақтастықты тереңдете түсудің маңыздылығын атап өтті. Бұндай қауіп-қатерлерге халықаралық коалиция күштерінің шығуына байланысты Ауғанстандағы саяси жағдайдың шиеленісуі, «Ислам мемлекеті» деп өзін атайтын лаңкестік ұйымның белсене түсуі, сондай-ақ Украинадағы жағдай жатады.

Кездесу барысында аймақтық мәселерді шешуде еуропалық мемлекеттердің белсендірек қатысуы мен көмек көрсетуі оң фактор болып табылып, өзара тиімді шешімдерге қол жеткізуге жетелейтіндігі туралы айтылды.

ГФР федералды үкіметінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша уәкілетті елшісі Корд Майер-Клодт Қазақстанның ЕО-ның Орталық Азияға қатысты жаңартылған стратегиясын жасаудағы ерекше рөлін атап өтті. Бұл құжатта аймақтық және елдік тәсілдер үйлесетін болады және Қазақстан оны жасауда сүбелі үлесін қосты дегенді неміс дипломаты алға тартты.

Өз кезегінде Францияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігінің континенталды Еуропа департаментінің директоры Эрик Фурнье Қазақстанның ирандық ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер үдерісіне және Украинадағы жағдайды реттеуге қосып отырған үлесін атады. Оның пікірінше, бұл елдің аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге араласуы және еліміздің жауапты халықаралық серіктес ретіндегі беделінің артуы болып табылады.

Жалпы алғанда, шараның барлық қатысушылары оны Астанада өткізудің бірегейлігін атап көрсете отырып, мұның Еуразиялық құрлықтың мәселелерін жақсырақ түсінуге, сонымен қатар, Еуропа мемлекеттерімен әрі қарай ынтымақтасудың жолдары мен болашағын айқындауға мүмкіндік беретіндігін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар