ҚР СІМ мен АӨСШК Азиядағы қауіпсіздік пен даму жөніндегі ұйым құру мәселесін талқылады

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылғы 21 мамыр күні Шанхайда өткен АӨСШК IV саммитінің қорытындыларын, сонымен қатар АӨСШК үдерісін әрі қарай дамыту мәселелерін талқыға салды.
Қазақстандық тарап АӨСШК-ны институционалды түрде нығайтудың маңыздылығын және оның аясында барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, Азиядағы қауіпсіздік пен даму жөніндегі ұйым құру қажеттілігін атап өтті.
Кездесу барысында АӨСШК өлшеміндегі сенім шараларын нығайту мәселелеріне баса назар аударылды. Атап айтқанда, министр сұхбаттасын ағымдағы жылғы қазан айында өтетін АӨСШК әскери сарапшыларының кездесуі мен олардың Астана қаласында орналасқан әскери базаларға сапарлары туралы ақпараттандырды.
Сондай-ақ, жақын арада АӨСШК Хатшылығының Астанаға көшуі мен елордада 5 қазанда АӨСШК күніне арнап, ресми іс-шаралар өткізу мәселесі қарастырылды.