ҚР СІМ басшысы Ауғанстанды саяси және экономикалық оқшаулауға қатысты пікір білдірді

мұрат нұртілеу
Фото: ҚР СІМ

Ауғанстанды халықаралық саяси және экономикалық оқшаулау іс басындағы билікті радикалды күштермен қарым-қатынасты дамытуға итермелеуі мүмкін. Бұл туралы «Орталық Азия – ЕҚЫҰ» Сыртқы істер министрлерінің форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабадтан.

«Ауғанстанмен белсенді ынтымақтастықты байқап отырмыз. Орталық Азияның бес мемлекетінің күш-жігерімен халықаралық деңгейде де, экономикалық деңгейде де және басқа бағыттарда ауған үкіметімен проблемаларды шешу үшін ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта Қазақстан Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығын құруды белсенді түрде жақтап келеді», – деді Қазақстан Сыртқы істер министрі.

Ведомство басшысының атап өтуінше, Қазақстан өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көршілес елдермен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр.

«Ауғанстанды халықаралық саяси және экономикалық оқшаулау іс басындағы билікті радикалды күштермен қарым-қатынасты дамытуға итермелеуі мүмкін», – деп ескертті Мұрат Нұртілеу.

Айта кетейік, «Орталық Азия – ЕҚЫҰ» Сыртқы істер министрлерінің форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, сондай-ақ Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын нығайтуға үлес қосуға дайын екенін айтқан болатын. 

ҚР СІМ басшысы Ашхабадқа ресми сапармен барғанын жазған болатынбыз. М.Нұртілеу Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Соңғы жаңалықтар