ҚР Судьялар одағының хатшысы С.Райымбаев Павлодар қалалық сотында болды

Павлодар қалалық сотының судьялары және сот мамандарының қатысуымен өткен кездесуде С.Райымбаев аудандық және оған теңестірілген соттардың жұмысын үздік ұйымдастыруға арналған 2015 жылғы байқау-конкурсқа Павлодар қалалық сотының белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсеткендігін атап өтті. Ол қалалық сот ұжымын құттықтап, оларға алдағы уақытта табыс тіледі және сот жұмысының сапа бағасының барлық өлшемі бойынша республика соттарының рейтингісінде жоғарғы көрсеткіштер көрсеткені үшін қалалық соттың төрағасы Талғат Тағажайға құрмет грамотасын табыс етті.
«Павлодар қалалық соты негізгі сот ретінде өңірдегі басқа соттарға сот төрелігін жүзеге асыру сапасы бойынша ғана емес, сонымен қатар, соттардың жұмысына озық ақпараттық технологияларды енгізу, қағазбастылықты қысқарту және электронды құжат айналымға көшу, ұжым ішіндегі қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру критерийлері бойынша үлгі болып табылады», деді С.Райымбаев
Өз сөзінде Павлодар облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов қалалық соттың ұжымына алғысын білдіріп, өткен жылы өңір соттары өз жұмысын жақсартуды ұйымдастыру бойынша белсенді шаралар қолданғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта қалалық сотта 37 судья қызмет атқарады. Сот ұжымында барлығы 100 адам жұмыс істейді. «Өңірдегі соттардың ұйымдастырушылық іс-шаралары мен талдамалық жұмысы ел соттарының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі саналатын сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға бағытталған. Судьяларды мамандандыру сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуды көздейді», - деді Т.Тағажай.
Қалалық соттың төрағасы қалалық сот ұжымының атынан Сансызбек Ілиясұлына оң баға бергені үшін алғыс білдіріп, келешекте де сот жұмысын әрі қарай жетілдіріп, жақсы көрсеткіштерге жету соттың басты мақсаты екендігін айтты, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.