09:52, 18 Наурыз 2013 | GMT +5
ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов Хельсинкиде Қазақстан елшілігінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысады
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 18-19 наурызда Финляндияға іссапармен барады. Ол Хельсинкиде Қазақстан Республикасы елшілігінің салтанатты ашылуына қатысады. Елшілік өз қызметін өткен жылдың күзінде бастаған болатын.

Бұл туралы ҚР Финляндиядағы елшілігінен хабарлады.
Іссапар барысында Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов Финляндия Республикасының президенті Саули Нийнистёмен, Парламент төрағасы Ээро Хейнялуомамен, ЕО және сыртқы сауда істері министрі Александр Стуббпен кездеседі.
Бұдан басқа, Е. Ыдырысов 1994 жылдан бастап 2000 жылға дейінгі кезеңде елді басқарған Финляндияның бұрынғы президенті Мартти Ахтисааримен кездеседі. 2008 жылы Ахтисаари Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Ол өзі құрған Crisis Management Initiative (Дағдарыс басқару бастамасы) ұйымын басқарады.
Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомство басшысы Хельсинки университетінде «Қазіргі замандағы Қазақстан» тақырыбында дәріс оқиды.