ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Дәненов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 10-шы сессиясында баяндама жасады

АСТАНА.Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат - Женевада БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің 10-шы сессиясы өтті.
None
None
Жоғары деңгейдегі сегментке ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Дәненов бастаған делегация қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Н.Дәненов форумға қатысушылардың алдында даму, қауіпсіздік және адам құқығының бір-бірімен байланысты екенін айтып, дүниежүзілік экономикалық және қаржылық дағдарыстың әлеуметтік тұрақсыздық пен адам құқығы жағдайын нашарлатып жіберуіне жол бермеу керек екендігін атап өтті. Қазақстан делегациясының басшысы даму саласында халықаралық мақсаттарға қол жеткізу үшін дүниежүзілік қауымдастыққа нақты іс-шараларды үйлестіріп отырып жүзеге асыру қажет екендігін айтты. Осыған байланысты форумға қатысушыларға дүниежүзілік дағдарыстың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға тигізіп жатқан кері әсерімен күресу және сапалы экономикалық дамудың негізін қалауға бағытталған шараларымен таныстырып өтті. Сессияға қатысушылар әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде нәсілшілідік, гендерлік негіздегі кемсітушілік, ксенофобия және этнос пен дін негізіндегі жанжалдардың пайда болуы мен таралуына алғышарттар көбейетініне назар аударды. Ол үшін барлық елдер мен БҰҰ ұйымдары жағдайдың осылай дамуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қолға алу қажеттігі айтылды. Қазақстан әралуандылық әлемнің қауіпі емес, оның қазынасы екенін және жаһандану заманында бейбіт өмір сүру ортақ құндылықтарға негізделген тұрақты және конструктивтік тұрғыдағы мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты білдіретінін түсіне отырып, өзінің ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайту үлгісін пайдалану арқылы осы салада нақты іс-шаралар жүргізіп жатыр. Мысалы, әлемдік конфессиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның 2003 жылдан бастап өткізіп келе жатқан Дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшыларының съезін мойындап, оны қолдай бастады. Бұл бастаманың маңыздылығы 2008 жылғы қарашаның 13-індегі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарында айтылды. Кеңестің сессиясына қатысушылардың назарын өркениетаралық және дінаралық диалогты алға жылжыту мақсатында жасалып жатқан Мұсылман және батыс елдерінің Сыртқы істер министрлерінің форумына да аударды. Оның нәтижесі бойынша қабылданған Астана декларациясы БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-ші сессиясының ресми құжаты ретінде таратылған. Бұл оның маңыздылығы мен өзектілігін көрсетеді. Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесі елдің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға және 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалық ету барысында қолданылатыны айтылды. Қазіргі жағдайда әралуандылық пен төзімділікке негізделген өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты орнатудан басқа жол жоқ. Бұл қазір әлемде болып жатқан оқиғаларды түсінуге және оған төтеп беретін тиімді шаралар қабылдаудың алғышарты. Осы мақсатта Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында 2010 жылды Мәдениеттерді жақындату жылы етіп жариялау туралы қарар қабылданды. Н.Дәненов БҰҰ-ның құқық қорғау саласындағы бағдарламалық құжаттарын іске асыру шеңберінде Қазақстанның жасаған істері туралы айтып берді. Атап айтқанда, Қазақстанның 2008 жылы қол қойып, бекіткен құқық қорғау саласындағы халықаралық конвенциялар жайлы баяндалды. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан басшылығының заңнамалық негіздерді дамытып, оларды адам құқығы саласындағы халықаралық үлгіге сәйкестендіруді жалғастыра түсетінін жеткізді. БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның Қазақстанның ұлттық заңнамасын реформалау кезінде көрсеткен көмектерін жоғары бағалады. Осы сессия барысында еліміздің делегациясының басшысы халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропалық бөлімшесінің Бас директоры Сергей Орджоникидземен кездесу кезінде Қарусыздану жөніндегі конференцияның қарусыздану бойынша жалғыз форум екенін және Қазақстан оның жұмысының тезірек басталуын қолдайтынын айтты. Н.Дәненов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шарттың тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі көтерген бастамасына байланысты Қазақстан Орталық Азияны ядролық қарусыз аймақ ету туралы келісім-шартты бекіту үдерісін аяқтағанын, қазір Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шарттың шолу конференциясына тиісті ұсыныстарды дайындап жатқанын жеткізді. БҰҰ-ның Сауда және даму конференциясының Бас хатшысы Паничпагди Супачаимен болған кездесуде техникалық көмек шеңберінде Қазақстан мен Сауда және даму конференциясы арасындағы ынтымақтастықтың күшеюінің маңыздылығы туралы сөз болды. БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары Наватем Пиллаймен болған келіссөз барысында Қазақстанның БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының әлемдегі адам құқығын қорғауға бағытталған ұмтылыстарын жоғары бағалайтыны айтылды. Н.Пилай Қазақстанның адам құқығы бойынша заңнамалық негізді жетілдіру үшін көп жұмыс жасағанын атап өтті. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Дәненов өзінің Женеваға сапары шеңберінде Норвегия, Россия, Испания және Португалия делегацияларының басшыларымен кездесіп, олармен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Соңғы жаңалықтар