ҚР Сыртқы істер министрлігінде парламенттік дипломатияны дамыту мәселелері талқыланды

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - 12 ақпан күні ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қатысуымен 2013-2015 жылдарға арналған парламенттік дипломатияны дамыту Жол картасын келісу мақсатында жұмыс отырысы болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен.
None
None

Отырыс жұмысына Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков, Мәжілістің халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, сенатор Мұхтар Алтынбаев, мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Владислав Косарев, Жұматай Әлиев, Азат Перуашев, Айгүл Соловьева, ҚР Бас Прокурорының орынбасары Андрей Кравченко, сонымен қатар Сенат пен Мәжіліс аппаратының қызметкерлері мен сыртқы саяси ведомство өкілдері қатысты.

Кездесу барысында парламенттік дипломатияны дамыту, Қазақстан Республикасының Парламенті мен Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара ықпалдастық пен жұмысты үйлестіру мәселелері қарастырылды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы өскен беделін және жаңа ғаламдық сындар туралы айтып өтті, бұл өз кезегінде ҚР сыртқы саясатын жаңарту мен дипломатияны жүргізудің жаңа формаларын қолдануды талап етеді.

Заң шығарушы биліктің сыртқы саясатты жүзеге асыруға барынша белсенді араласып отырған шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, әсіресе Еуропарламент осының айқын мысалы бола алады, қазақстандық депутаттар мен дипломаттар парламенттік дипломатияны дамыту Жол картасының жобасын талқылау мен үйлесімділікті нығайту мақсатында жиналды.

Отырыс қорытындысында қатысушылар сыртқы саясатты дамыту бойынша келісілген жұмыстар жүргізу мен шетелдердегі парламенттермен ынтымақтастықты белсендетуге келісті.

Соңғы жаңалықтар