ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясында Астананың рөлі де ерекше аталып көрсетілді

None
None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларациясын салтанатты түрде қабылдады. Осынау құқықтық құжатта Астананың рөлі де ерекше аталып көрсетілді.

«Қазақстанның жаңа бас қаласының орасан зор құрылысы - ауқымы мен батылдығы жағынан Республикамыздың Тұңғыш Президентінің теңдесі жоқ ғаламат жобасы. Жылдан жылға көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан Астана Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы болып табылады, Еуразияның жүрегіндегі жаңа шаһар Қазақстанның жарқын да баянды болашағын айшықтайды. Астана - барша халқымызды Қазақстанның көк байрағы астына біріктіріп, оның өз бойындағы жасампаздық әлеуетіне деген сенімін арттыра түскен ұлттық идеяның жүзеге асуының нақты көрінісі» , - деді Декларация мәтінімен таныстырған сенатор, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев.

Сонымен қатар, Декларацияда қоғамдағы отаншылдық идеологиясы барынша қолдау тауып отырғаны да айшықталады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің көп этносты халқының мүдделерін білдіретін бірегей институт ретінде танылып отыр, оның қызметі елімізді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негізінде топтастыруға, қазақстандық жарасымдықты қалыптастыруға бағытталған. Республикада қазақтардың шетелдерден тарихи отанына оралуы үшін жағдай жасалған. Тәуелсіздік кезеңі қазақ тілінің қайта түлеп, одан әрі дами түсуімен ерекшеленеді. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқын ұйыстырудың аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекет елімізді мекендейтін этностардың алуан түрлі мәдениеті мен тілдерінің сақталуына және дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», - деді М. Алтынбаев.

Соңғы жаңалықтар