ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры «Мектепке жол» акциясы аясында мыңнан аса балаға қамқорлық жасады (ФОТО)

Оның айтуынша, биыл Қор мамандары акция аясында республикамыздың көптеген аймақтарында болып қайтыпты.
«Біз 12 тамыздан бері Алматы облысындағы Сарқанд қаласында, Жансүгіров ауылында, Жамбыл облысындағы Қаратау, Жаңатас және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара қалаларында болып, қайырымдылық акциясын өткізіп, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың балаларына мектепке қажетті сөмкелер мен басқа да керек-жарақтар үлестірдік. Ал бүгін мінеки, Алматылық 100 мектеп оқушысына осындай сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыстаймыз» - деді өз сөзінде Гүлнар Ершіманова.
Шараға ата-аналарымен, педагогтарымен келген әр түрлі жастағы мектеп оқушыларының көңіл-күйлері ерекше көтеріңкі болды. Көздері жайнап, жан-жағына таңырқай көз тастап, іштей сыйлық күткендері байқалып-ақ тұрды. Қордың жеке тапсырысы бойынша ерекше сәнмен тігілген, «ҚР Тұңғыш Президеті - Елбасының қоры» деп жазылған сөмкелер әр аудан бойынша бөлек үстелдерге қатталып қойылды. Кейін балаларға салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұдан кейін жиналған жұртшылыққа Республикалық оқушылар сарайының көркемөнерпаздар ұжымы кішігірім концерт берді.
Бүгінгі қайырымдылық шараға ата-аналар да риза болысты. «Менің 4 ұлым бар. Жұбайым бүгін-ертең бесіншісін босанады. Соны күтіп отырған жайымыз бар. Ал бүгінгі шараға қуанышым шексіз. Өте ризамын. Өйткені, мектепте үш балам оқиды. Үшеуін киіндіру, мектепке дайындау оңай емес. Бізге ауыр тиіп жатыр. Қазір бір баланы киіндірудің өзі бар машақат. Оны киіндіруге, мектепке қажетті керек-жарақтарын алып беруге кем дегенде 50 мың теңге кетеді. Ал енді мына сөмкенің өзі бала үшін ерекше қуаныш қой! Балам кеше естігенде түні бойы ұйықтамады. Бүгін ерте тұрып, мені асықтырып, ертіп келді. Сыйлық алып ерекше қуанды! Ұйымдастырушыларға рахмет» , - деді Медеу ауданынан келген Арман Арғынбаев.
ҚР Тұңғыш Президеті - Елбасының қоры бұл акцияға биыл бесінші жыл қатысты. Осы бес жыл ішінде 5000 астам мектеп оқушысы қамтылып, қайырымдылық шарасына 30 миллион теңгеден астам қаржды жұмсалыпты. Әр балаға жұмсалған шығын 5-6 мың теңгені құраған.