ҚР Тұңғыш Президенті музейінде СҚО тарихынан сыр шертетін «Бірліктің бесігі» көрмесі өтеді

«Ұлттық игілік» музейаралық серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылған «Бірліктің бесігі» көрмесі Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналып отыр. Экспозиция келушілерді өлкенің полиэтникалық қоғамының қалыптасу тарихымен таныстырады, Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы Кіші Ассамблеясы жұмыстарының қол жеткізген жетістіктері жайлы баяндайды. Солтүстік Қазақстан облысында Кіші Ассамблея 1995 жылдың 1 ақпанында құрылып, оның құрамына 7 ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері енді. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы ҚХА құрамында 23 этномәдени бірлестіктерімен қатар «Бірлік» жастар бірлестігі бар. Солтүстік Қазақстан облысының мұражайлар бірлестігінің жинағында Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын көптеген этностардың тарихы мен дәстүрлі мәдениеті туралы баяндайтын бірегей этнографиялық материалдар сақталған. Солтүстік Қазақстан аумағы столыпиндік аграрлық реформалар жүргізу кезінде әскери казактар құрамындағы орыс, украин және беларусь шаруалары үшін туған үйіндей болды. Петропавл қаласының салынуы және жергілікті сауданың дамуы Солтүстік Қазақстанға татар көпестері мен шаруаларының қоныс аударуына ықпал етті. «Бірлік бесігі» көрмесінде жұртшылық назарына қазақ, орыс, казак, татар, неміс және поляк ұлттарының дәстүрлі мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайтын киіз үйлер, ағаш үйлер мен реконструцияланған шаруашылық аулалар ұсынылады. Экспозицияның ерекше бөлігі көрмеге келушілерді Солтүстік Қазақстан облысының мұражайлар бірлестігінің жинақтарында сақталған бірегей этнографиялық материалдардың негізінде қазақстандық көпконфессиялы қоғамның қалыптасу тарихымен таныстырады.