19:02, 17 Қараша 2011 | GMT +5
ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өткізілді
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат. 2011 жылғы 17 қарашада министр Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өткізілді, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Республикалық комиссияда ваканттық орындарға ағымдағы жылы өткен конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша резервтік тізімге енген үміткерлерге грант тағайындау жөніндегі сұрақтар қарастырылды. Астана, Талдықорған, Өскемен және Көкшетау қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алу үшін босаған ваканттық орындарға 16 үміткер ұсынылды. «Өркен» білім беру грантын тағайындауға ұсынылып отырған оқушылар жазғы мерзімде конкурстық іріктеуге қатысып, қажетті ең жоғары балды иеленгендіктен, қосымша конкурстық іріктеуге қатыспайды.
2011 жылғы 28 шілде мен 27 тамызда өткізілген Республикалық комиссия отырысының хаттамаларына сәйкес Назарбаев Зияткерлік мектептерінде болған ваканттық орындарда білім алу үшін 16 оқушыға грант тағайындалды.