ҚР Тұңғыш Президентінің интеллектуалды мектебінде ҚР Білім және ғылым министрінің қатысуымен соңғы қоңырау үні сыңғырлады

nbsp; АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы ҚР Тұңғыш Президентінің физика-математикаға бағытталған алғашқы интеллектуалды мектебінде ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен соңғы қоңырау үні сыңғырлады.
None
None

Өткен жылы ғана іргесі қаланған аталған мектепте ағымдағы жылы 38 түлектің қанат қағып отырғандығын атап өткен министр «Елбасымыздың бастамасымен елімізде қанат жайған интеллектуалды мектептер саны қазір 3-еу болды, алдымыздағы жылдары 20-ға жетеді. Соның тұңғыш түлектері сіздердің мектептеріңізде. Бүгінгі алғашқы түлектерге арналған үлкен мерекелік шара құтты болсын», деді құттықтау сөзінде.

Министрдің атап өтуінше, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев интеллектуалды мектептерге үлкен мән беруде. Ағымдағы жылдың маусым айында аталған білім ошақтарымен қатар Назарбаев университеті де студенттер қабылдай бастайды. «Назарбаев университеті бұл тек Қазақстанда ғана емес ТМД-да теңдесі жоқ жоғары оқу орны. Қазір оның әрбір факультеті, әрбір университеті шетелдік белгілі бір оқу орындарымен жұмыс істеп, солардың оқу бағдарламасымен білім беретін болады», деген министр Лондонның университеттік колледжімен алғашқы келісімге қол қойылғандығын атап өтті.

«Елбасымыз кеше ғана Түркия елінің президенті Абдолла Гүл мырзамен бірге Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Сол кезде де осы интеллектуалды мектептерге үлкен көңіл бөлді. Яғни, интеллектуалды мектептерді бітірген түлектеріміз осы Назарбаев университетіне қабылданып, еліміздің, мемлекетіміздің экономикасын, білімін, әлеуетін дамытатын үлкен азаматтардың қатарына қосылады деп сенім білдірді. Мінекей, сол жастар сіздерсіздер. Сіздерге деген Елбасымыздың үлкен міндетін және сенімін түсініп отырсыздар. Соны барлығымыз бірге ақтауымыз қажет», деп қорытты сөзін Ж.Түймебаев.

Айта кетейік, бүгін еліміздің мектептерінде 142 мыңнан астам түлектер үшін қоңырау сыңғыры соңғы рет салтанатты түрде соғылды. Олардың 3679-ы - «Алтын белгіге» үміткер. Ал Білім және ғылым министрі соңғы қоңырау салтанатына қатысқан аталған мектепте 38 түлек қанат қақса, оның 10-ы «Алтын белгіге» үміткер, 9-ы халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары. Сонымен қатар 7 түлек Еуропа мен Американың жетекші жоғары оқу орындарына шақыру алған.

Соңғы жаңалықтар