ҚР ҰЭМ министрі Қазақстанның алдағы 5 жылдағы даму болжамын жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Үкімет отырысы өтіп жатыр. Отырыста ҚР 2018-2022 жылдардағы әлеуметтік экономикалық даму болжамы мен «ҚР 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заң жобасы қаралуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, болжам бірнеше факторлар бойынша жасалған. Атап айтқанда, осы жылдың басынан бастап ел экономикасының белсенділігінің артқаны байқалады.

Соңғы 7 айда жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,0% -ды құрап, 2017 жылдың соңына дейін экономиканың 3,4% деңгейінде өсімі күтіліп отыр. Екіншіден, әлемдік экономика өсімінің жаңартылған болжамдары бойынша, 2017-2018 жылдары дамыған елдерде экономикалық өсім 3.5-3.6% деңгейінде болады деп күтілуде. Сонымен бірге, әлемдік тауар нарықтарындағы ахуал жақсарып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде мұнай бағасы барреліне 51,7 долларды құраған (2016 жылы - 44,0 доллар). 2017 жылға арналған болжаға сәйкес (МСҰ деректері бойынша орташа баға) мұнай бағасы 53,5 доллар, 2018 жылы - 55,3 АҚШ доллары деңгейінде болады деп болжануда.

«Осыған байланысты ішкі және сыртқы параметрлердің өзгеруіне қарай Қазақстан экономикасын дамытудың ықтимал 3 сценарийі қарастырылады. Оптимистік сценарий бойынша 2018-2022 жылдары мұнай бағасы барреліне 55 доллар болады. Пессимистік сценарий бойынша, мұнай бағасы $ 35 дейін төмендейді. Біз 2018-2022 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2018-2020 жылдарға арналған бюджет параметрлерін қалыптастыруға негіз ретінде мұнай бағасын барреліне 45 доллар болады деген базалық сценарий әзірледік», - дейді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2018 жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,1% деңгейінде болып, 2022 жылы 4,2% -ға өсуі керек. Алдағы бесжылдықта ЖІӨ орташа жылдық өсім қарқыны 3,7% құрайды. Сондай-ақ, номиналды ЖІӨ 2018 жылы 55 906 200 000 000 теңгеден 2022 жылы 75 875,4 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. ЖІӨ жан басына шаққанда жылына 2018 жылы 9 мың АҚШ долларын құраса, 2022 жылы 11,7 АҚШ долларына ұлғаяды. Бұған қоса бірқатар бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы - 5,7%, құрылыс индустриясы - 4,0%, көлік - 5,1%, сондай-ақ сауда - 3,5% ұлғаюы ықтимал.

Мұнай өндіру көлемі 2018 жылы 86 млн тоннадан, 2022 жылы 88,6 млн. тоннаға артады. Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 4,9% -дан 2022 жылы 4,7% -ға дейін төмендейді. 2018 жылы экспорт көлемі $ 47,5 млрд құраса, 2022 жылы 60,6 млрд. долларға дейін өссе, импорт көлемі 2018 жылы 34,0 млрд доллардан 2022 жылға қарай 45,5 млрд долларға артпақ.

Соңғы жаңалықтар