ҚР Үкіметі ЕХРО көрмесіне қатысушылардың келуі ережелерін бекітті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
2014 жылғы 21 мамыр, Астана, Үкімет Үйі №518
Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылардың және (немесе) қатысушылар қызметкерлерінің келу және оларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы
«Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылардың және (немесе) қатысушылар қызметкерлерінің келу және оларды тіркеу қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2017 жылғы 2 желтоқсанға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. МӘСІМОВ.
Осы қағидаларға сәйкес сәйкестендіру карталарын беруді ұйымдастыруды халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастырушы сәйкестендіру картасының нысанын халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсына орналастыру арқылы жүзеге асырады.
Халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар және (немесе) қатысушылардың қызметкерлері нысан бойынша сәйкестендіру карталарын толтырады және өздерінің Қазақстан Республикасына келуіне дейін кемінде екі ай қалғанда олардың сканерленген көшірмелерін Бірыңғай басқару орталығының ресми электрондық мекенжайына жібереді.
Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері бар елдердің азаматтары болып табылатын халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар және (немесе) қатысушылардың қызметкерлері визалар мен құжаттар болған, сондай-ақ осы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген шектеулер болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасына кіреді. Қазақстан Республикасына виза негізінде кіретін, аккредиттеу карталары жоқ халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар және (немесе) қатысушылардың қызметкерлері визаның әрекет ету мерзімі ішінде Бірыңғай басқару орталығынан аккредиттеу карталарын ала алады.
Қазақстан Республикасымен келудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушыларға және (немесе) қатысушылардың қызметкерлеріне Қазақстан Республикасына келу үшін аккредиттеу карталарының болуы талап етілмейді. Мұндай жағдайда, халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар және (немесе) қатысушылардың қызметкерлері визасыз болу мерзімінде Бірыңғай басқару орталығынан аккредиттеу картасын ала алады.