ҚР Үкіметі өңірлердегі жастардың қызметіне 20 млн. доллар өтеусіз грант беруді жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов «Жастар корпусын дамыту жобасы бойынша келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын ҚР Парламенті Сенатында ұсынды.
ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, грант туралы Келісім жастарды ынталандыруға, әсіресе табысы аз, жұмыссыз, мүгедек жандар және осал топтардан шыққан жастарды әлеуметтік жобаларды іске асыруға және табыс табуға мүмкіндік беру мақсатын көздейді.
Келісім аясында 18-29 жас аралығындағы жастарға ұсынылатын қоғамдық пайдалы қызметті іске асыратын жобалар қаржыландырылады деп болжануда.
«Бұл жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға, мүгедек жандарға көмек көрсетуге, білім беруге және үйретуге, жастарға кеңес беруге, жергілікті жерді абаттандыруға, жануарларды қорғауға және т.б. жұмыстарға арналған жобалар болуы мүмкін.
Жалпы, грант бойынша 8,5 мың жастарды қамтитын 1 700-ден астам жобаны қаржыландыру (жастардың басым бөлігі отбасы аз қамтылған, жұмыссыз және басқа жастардың осал топтары), сонымен қатар 100 жастар ұйымын қамту жоспарлануда.
Осы жобаны іске асыру үшін пилоттық өңірлер ретінде Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.
Әр жобаға 4 мың АҚШ доллары бөлінеді, ол 6 ай бойы іске асырылады. Бұдан басқа, жобаларға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендияалады (140-тан 325 АҚШ долл. дейін).
Жобаға қатысуға ниет білдірген жастардың (5 адамға дейін) топтары өз жобаларымен әкімдіктің жанында жұмыс жасайтын Жастардың ресурстық орталықтарына барады. Ұсынылған жобаларды ҚР БҒМ-і құрған қоғамдық қайраткерлерден, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын арнайы Комиссия іріктейді. Жастар конкурсқа ынталы топтардың құрамында және жастар (қабылдаушы) ұйымдары арқылы қатыса алады.
Келісім ратификацияланғаннан кейін, барлық ұйымдастыру жұмыстарды жүзеге асыратын Үйлестіру агенттігін тарту үшін халықаралық конкурс жарияланады. Жобаны іске асыру мерзімі 2016-2017 жылдар», - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін хабарлағандай, 28 қаңтар күні Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына және жастар корпусын дамытуға арналған бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдаған болатын.
«Келісімнің бірнеше мақсаттары бар. Біріншіден, жастарды әсіресе, жұмыссыз, табысы аз, мүгедек, осал топтарға жататын санаттағы жастарды қоғам өміріне тарту болып табылады. Екіншіден, қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту көзделеді. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстанға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен 21,7 млн. доллар мөлшерінде грант бөледі. Грант Траст қорының қаражатынан қаржыландырылады, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Траст қорының донорынан кезеңдер бойынша жарналар алынып отырады» -, деді заң жобасын таныстырған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.