ҚР Үкіметі жанар-жағармай экспортына уақытша тыйым салмақ
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысында болып егін орағы науқанының барысын байқап қайтқанын жеткізген Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев егін орағына барлық техника дайын екенін, тиісті көлемдегі жанармай да жеткізілгенін айтып өтті.
Оның айтуынша, егін орағының стратегиясы да дұрыс жасалған. «Атап айтқанда, АИ-80 маркалы бензиннің жетіспеушілігі проблемасы туындап отыр. Сондықтан Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне экспортқа тыйым салу қаулысын дайындап, қабылдауды жеделдетуді ұсынамын», деді министр.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталған құжатқа бүгін қол қоятынын атап өтті.
«Мен осы демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында болғанымда ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер бензин бағасына қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Мәселен, АИ-80 маркалы бензині нарықта азайып кеткен. Осыған байланысты оның бағасы жоғарылап отыр. Мемлекет бензинді экспортқа шығаруға тыйым салатын болады. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті қаулы қабылданады. Соның нәтижесінде бензиннің бағасы тұрақтанбақ», деді А. Күрішбаев селекторлық кеңестен кейінгі брифингте.