ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті балалар ертеңгілігін ұйымдастырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мекеменің әсем безендірілген залында бүлдіршіндер неше түрлі ойындар ойнап, көңілді қойылымдар тамашалады. Балалар Юрий Ланцев студиясының әртістері дайындаған көрсетілімдер кезінде Томпақ Торай, Сайқымазақ (клоун), Жалмауыз кемпір, Көкқұтан секілді неше түрлі кейіпкерлермен бірге ойнап, олармен қалай достасып кеткенін аңғармай да қалды. Аталған кейіпкерлермен бірге ертегілер еліне саяхат жасап келген балдырғандар кейін олармен қосылып, ән салып, би биледі, сайысқа түсті. Жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған сұрақтарға да таласа-тармаса жауап берген балалар арнайы сыйлықтарды түгелдей ұтып алды. Сурет сайысының жүлдегерлеріне де әдемі ойыншықтар тарту етілді.
Ертеңгілік аяқталысымен, балалар өздеріне арнайы жайылған мерекелік дастарқанға шақырылды. Дәмді тағам мен балдай тәтті сусынға тойған балаларды ертеңгілік ұйымдастырушылары жануарлар бағына апарып, хайуанаттар әлемімен таныстырды.