ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ашық есік күні өтуде

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Дүниежүзілік кітап күніне орай, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласының кітапханашыларына арналған ашық есік күні өтуде.
None
None

Сәуірдің 23-і - дүниежүзі кітапханашыларымен қатар, Академиялық кітапхана қызметкерлері үшін де айтулы дата, себебі осыдан 7 жыл бұрын атылмыш мәдени орталықты құру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шыққан болатын.

Ашық есік күндері кітапхана қабырғасында жылына бір рет өткізілетініне қарамастан, елордалық кітапханашыларды жыл сайын жинап, тәжірибемен бөлісу мұндағы қалыптасқан дәстүр.

Бүгінгі шара барысында да қаладағы барлық кітапханашылар ҰАК қабырғасында бас қосты. Мерекелік жиында кітапхана ісінің ардагерлерін марапаттау рәсімі өтіп, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жеңістерге жол ашқан жарқын жылдар» атты әдістемелік құралдың тұсауы кесілді. Бұны отандық кітапханашылар ел тәуелсіздігіне арналған іс-шараларды өткізуге, ұйымдастыруға көмекші құрал мақсатында пайдалана алады.

Жиыннан соң ашық есік күні шарасы ҰАК Көркем әдебиет абонементінің ашылу салтанатымен ары қарай жалғасын тапты. Кітап қоры 6300 дана болатын аталмыш залдан оқырмандар «классика», заманауи әдебиет», «тарихи роман», «фантастика», «детектив», «поэзия», «драматургия» және «балалар әдебиеті» жанрларында қажетті кітапты алып оқи алады. Сонымен қатар мұнда «Қазақ альманағы», «Қазақстан мұрағаттары», «Нива» сынды 12 атаулы журналдар қойылған.

Түске қарай кітапханада «Майталман. Кемеңгер. Болашақ» атты ток-шоу ұйымдастырылды. ҚР Кітапханалар қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиеваның қатысуымен болған шараның негізгі мақсаты - тәжірибелермен, шеберліктермен бөлісу. «Елдің ардагер кітапханашылары болашақ кітапхана қандай болу керек және заманауи кітапханашы қандай қасиеттерге ие болу керек деген тақырыпта өз пікірлерін салады»,-дейді ұйымдастырушылар. Түстен кейін кітапханада алғаш рет құрылған «Жансусар» жас ақындар клубының тұсаукесері өткізілмек. «Жас жүрек жайып саусағын» деген атпен іле өтетін поэзиялық кешке Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Дархан Қыдырәлі, Айбатыр Сейтақ сынды ақындар қатысады.

Бүгінде еліміздің бас кітапханасының 25 мыңға жуық оқырманы бар, олардың қолданысына 600 мыңға жуық кітап пен 5 мыңнан астам кітаптың электронды көшірмелері ұсынылып отыр. Олардың қоры сатып алынған, сыйға тартылған, мемлекеттік тапсырыс және «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шығып жатқан кітаптармен күннен-күнге толыға түсуде.

Осы жылдар ішінде Қазақ ұлттық электронды кітапхананың қызметі мен оның деректер базасы, қашықтықтан тапсырыс беру жүйесі, кітаптарды оқырмандарға қысқа уақытта жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи қондырғы - телелифттің қызметі мен «ҚР ҰАК - Астана кітапханаларының әдістемелік орталығы» іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар