ҚР Ұлттық банкі бағалы қағаздар нарығын ырықтандыруға баса назар аудармақ

Оның атап өтуінше, еліміздің Ұлттық банкі таяу уақытта құнды қағаздар нарығын дамыту бойынша бірқатар тұжырымдамалық бағыттар ұсынуды жоспарлап отыр.
«Оның ішінде біз бағалы қағаздар нарығын реттеуден ырықтандыруға баса назар аудару нұсқасын ұсынуды жоспарлаудамыз. Бұл балама түрде ұйымдастырылған акциялар мен облигациялар нарығын құру жолымен жасалады», - деді ол.
Д.Ақышевтің айтуынша, балама нарықтың басты басымдығы инвесторлар мен эмитенттердің барлық санаттары үшін оған еркін ену мүмкіндігінің берілуі болмақ. Мұнан бөлек, операция жасауға шектеу алынады, еркін баға белгілеу болады және алаяқтықпен табыс алу жолы кесіледі.
«Бұл құнды қағаздар нарығындағы барынша тәуекелді модель. Оның барысында жауапкершілік артады. Ең біріншіден, жекелеген инвесторлар өз тәуекелдеріне жауапты болады. Дегенмен, бұл қор нарығына қажетті инвесторлар көлемін тартуға септігін тигізе алады», - деді ҰБ төрағасы.
Бас банкир жекелеген инвесторлардың әлеуеті өте зор екендігін әрі кеңеюі үшін зор мүмкіншілік бар екендігін атап өтті.
«Халықтық ІРО-ға «Қазтрансойл» компаниясын шығару тәжірибесі акцияларды орналастыру кезеңінде қор нарығындағы жекелеген инвесторлардың саны 9 мыңнан 54 мыңға дейін артқандығын, бұған қоса, бұл бағдарламаға халықтық қатысу көлемінің барынша көп болғандығын көрсетті», - деді ол.