ҚР Ұлттық банкі мен Қытай Халық Банкі арасында есеп айырысу мен төлемдер ұйымдастыру бойынша арнайы келісімдерге қол қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі Есеп айырысу мен төлемдерді ұйымдастыру туралы және Қазақстан теңгесі/Қытай юані валюталық свопы туралы өзара келісімдерге қол қойды. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Келісімдерге Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцяннің Қазақстан Республикасына ресми сапары шеңберінде 2014 жылғы 14 желтоқсанда Астана қаласында екі мемлекеттің үкімет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Қайрат Келімбетов және Қытай Халық Банкінің Төрағасы Чжоу Сяочуан қол қойды» - делінген хабарламада.

Есеп айырысу мен төлемдерді ұйымдастыру туралы келісім - Қазақстан мен Қытай резиденттері арасында шет елдік және ұлттық валюталарда екі ел аумағында тауарларға, қызметтерге және басқа операциялар бойынша есеп айырысу мен төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аталған келісімде ұлттық валюталардың қолданылу аясын операциялардың географиясы мен спектріне қарай кеңейту және юань/теңге валюталық жұбының саудасын ашу саласында ынтымақтастық орнату көзделген. Осылайша, бұл Келісім ұлттық валюталарды екіжақты есеп айырысуларда пайдалану саласын кеңейту үшін құқықтық негіз құрай алады.

Қазақстан теңгесі/Қытай юані валюталық свопы туралы келісім жалпы сомасы 7 млрд. юаньға/200 млрд. теңгеге жасалды. Бұл Келісімнің қаражаты екі ел арасында ұлттық валюталарда сауда-саттықты қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Келісім, екі елдің орталық банктері уағдаласқан своп-желіні жаңартады.

Екі келісім де Қазақстан мен Қытайдың ұлттық валюталарында өзара сауданы және тікелей инвестицияларды дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

2014 жылғы 25 қыркүйекте Қаржылық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің Тоғызыншы отырысы шеңберінде Қазақстан қор биржасында теңге/юань валюталық жұбымен сауда жасау іске қосылған болатын. Енді, Қытайдың Банкаралық валюталық сауда орталығының Өңірлік нарығында (Үрімші қ.) теңге/юань саудасы 2014 жылғы 16 желтоқсанда басталады. Екі елдің банкаралық нарығына жаңа валюталық құралды енгізу арқылы теңге/юань валюталық жұбының саудасы үшін инфрақұрылымдарды құру - ұлттық валюталарда өзара сауданы дамытуға ықпал ететін болады.

Есеп айырысу мен төлемдерді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойыла отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі арасындағы шекаралас аудандардағы саудада банкаралық есеп айырысулар туралы 2005 жылғы 14 желтоқсандағы қойылған келісімнің қолданылуы тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар