ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып Қайрат Боранбаев сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің жаңа басшысы ретінде Қайрат Боранбаев сайланды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Комитеттің бұрынғы басшысы Дархан Калетаев ҚР велоспорт федерациясын басқаруда.

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Дархан Калетаевқа жасаған жұмысы үшін, қол жеткізген жоғары спорттық жетістіктері мен паралимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда қажырлы еңбек еткен Қайрат Боранбаевтың жоғары біліктілігі туралы айтып, паралимпиадалық спортты одан әрі өркендету мен жоғары спорттық көрсеткіштерге қол жеткізу жолында сәттілік тіледі. Еске салып кетсек, Қайрат Борамбаев «Қайрат» ФК бақылаушылар кеңесінің төрағасы болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті Халықаралық паралимпиада комитетімен аккредитациядан өткен Азия паралимпиада комитетіне (аймақтық өкілі), IWAS (мүгедектер федерациясы) мүмкіндігі шектеулі жандардың бүкіләлемдік волейбол ұйымына мүше болып табылады. Сонымен бірге Вуокатти спорт институты (Финляндия), Дубай мүгедектер клубы (БАӘ), Мүгедектердің ату клубы (Ұлыбритания), "Start" мүгедектер спорт клубы (Польша) секілді ұйымдармен әріптес. 2013-2015 жылдар аралығында паралимпиадашыларымыз 28 халықаралық сайысқа қатысып, 74 алтын, 102 күміс және 104 қола жеңіп алды, сөйтіп жалпы саны 280 жүлдені қанжығасына байлады. ҚР ҰПК құзырлы мемлекеттік органмен бірлесе отырып 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) болатын Жазғы паралимпиадалық ойындарға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта республика аумағында ҰПК 12 аймақтық филиалы жұмыс жасайды, жуырда тағы бір филиалды іске қосу жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар