ҚР Ұлттық Ұлан сарбаздары ата-аналарымен онлайн-режимде байланысқа шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұңғыш рет, елдің түкпір-түкпірінен ҚР Ұлттық Ұланы қатарына қабылданған сарбаздар ата-аналарымен онлайн-режимде байланысқа шықты.
ҚР Ұлттық Ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 шілдеде өздерінің ата-аналарымен бірінші болып, Қостанай облысынан шақыртылған сарбаздар тілдесуге мүмкіндік алды. Жалпы бұл күні 6697 әскери бөлімшесіне командалық басшылықпен және әскери мерзімді өтеу жағдайларымен танысу мақсатында 100 ата-ана келді. Осы уақытқа дейін, ҚР Ұлттық Ұлан қатарына осы облыстан 600 жігіт шақыртылған. Шараға білім беру және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бастығының орынбасары Мұхаметқали Сатов, Қостанай горнизонының әскери прокуроры, облыстың қорғаныс істері департаментінің басшысы, сондай-ақ 2015 жылдың желтоқсанында және 2016 жылдың маусымында Қостанай облысынан әскерге қабылданған сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Ата-аналардың алдында генерал-майор Мұхаметқали Сатов сөз сөйлеп, әскери күштердің қызметі жайында әңгімелеп берді және ата-аналардың сауалдарына жауап қайырды. Ата-аналарға әскер қатарында міндеттерін атқарып жүрген балаларын онлайн-режимде тілдесуге мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар әскери басшылық бөлімшеге экскурсия ұйымдастырып, ата-аналарға әскердегі сарбаздардың жағдайларымен таныстырып шықты.