ҚР Ұлтық банкінің «Аттила» ескерткіш күміс монетасы жылдың ең үздік монетасы атанды
Конкурс монета сарайларында соғылған немесе мемлекеттік органдар - эмитенттер шығарған ең үздік жыл монеталарын анықтауға арналған. Құрамында монета сарайларының, Орталық банктердің, мұражайлардың, нумизматикалық ұйымдардың, журналистердің және жеке сарапшылардың 17 елден келген өкілдері бар конкурс комиссиясы конкурсты өткізу кезінде шығарылған коллекциялық және ескерткіш монеталарды өз беттерінше іріктейді. Монеталарды бағалауда дизайнның тартымдылығын, көркем орындалуын және соғу сапасын бағалау негізге алынады.
ҚР Ұлттық банкінің «Аттила» 100 теңгелік ескерткіш күміс монетасы конкурсқа «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» аталымы бойынша қатысқан болатын. Аталған монета айналысқа 2009 жылы 2 қазанда шығарылған. Монетаның бет жағында ортада ҚР елтаңбасы, монетаның номиналын білдіретін «100 теңге» деген жазба, шауып келе жатқан ат үстіндегі жауынгердің бейнесі, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және соғылған жылын білдіретін «2009» деген сан бейнеленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген, мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және ағылшын тілінде «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазулар бар.
Монетаның сырт жағында Аттиланың бейнесі бар көне медальонның алтындатылған бейнесі орналасқан. Медальон бейнесінің сол жағында монета дайындалған металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925», оң жағында - монетаның массасын білдіретін «31,1gr.» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде шауып келе жатқан үш атты жауынгер бейнеленген. Жоғарғы бөлікте айналдыра «ATTILA THE HUN» деген ағылшын тіліндегі жазу және қолбасшының өмір сүрген жылдарын бейнелейтін «406 - 453» деген сандар орналасқан. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген. 925 сынамды күмістен, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, «proof» сапасымен дайындалған. Ең көп таралымы - 13 мың дана (Қазақстанның ішкі нарығы үшін - 3 мың дана).