ҚР Велоспорт федерациясы А. Кашечкинді «Астана» велоклубына неге жолатпай отыр? -Т. Симамбаев

АСТАНА. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Туризм және спорт министрінің атына сауал жолдаған сенатор Тасбай Симамбаев, «Астана» велоклубына және қазақстандық спортшыларды осы командаға қайта тартуға қатысты мәселе көтерді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Қазақстандық көрнекті спортшылардың бірі, әлемдік деңгейдегі велошабандоз Андрей Кашечкин «Астана» командасы   құрамында жүріп, үлкен жеңістерге қол жеткізді. Соның нәтижесі болар, оны Елбасы Н. Назарбаев қабылдап, спорттағы жетістіктерін ескеріп, жаңа пәтер кілтін табыс еткен болатын. А. Кашечкин «Астана» командасымен үш жылға 3 млн. 460 мың 492 еуроға келісімшартқа отырған екен. Бірақ, ол осы командада жүріп, көрсетілген соманың тек 3 пайызын ғана алыпты. Бұл ретте ҚР Велоспорт федерациясы қалған 3 млн. 200 мың еуроны қайда жіберді деген орынды сауал туады. Бұдан бөлек, «Астана» командасы құрамынан 6 велоспортшы шығарылған, олардың айлықтары да қайда кеткені белгісіз. Тоқтала кететін жайт, жыл сайын велоклубқа 13 млн. еуро бөлініп тұрған», деді Т. Симамбаев.

Сонымен бірге, сенатор бүгінгі күні командада жалғыз қазақстандық спортшы қалғанын, басқасы легионерлер екендігін, ал ондай легионерлерді ҚР Велоспорт федерациясының вице-президенті Н. А. Проскурин ұдайы қолпаштап отыратынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, жаңағы легионерлер үшін бөлінетін қаражаттың да шырғалаңы көп болып отыр.  «Осы тұрғыдан алғанда, спорттық жетістіктері бойынша легионерлерге есе жібермейтін негізгі қазақстандық велоспортшыларды допингтік дауға салу, оларды командадан қуу кімнің бастамасымен жүзеге асып жатқанын аңғаруға да болады. Өйткені, Лозаннадағы Арбитражды соттың А. Кашечкинді ақтағанына қарамастан, ҚР Велоспорт федерациясы (вице-президенті Н.А. Проскурин)  әлемдік деңгейдегі спортшыны әлі күнге дейін командаға жолатпай отыр. Мәселенің мәнісі де осы тұрғыдан анықтала түсетіндей, өйткені  А. Кашечкин «Астанаға» қайта келсе, келісімшарттағы 3,2 млн. еуро мен басқа да қазақстандық спортшыларға тиесілі қаражаттың проблемасы қайта көтерілетін болып отыр ғой», деп тұспалдайды сенатор.

Осыған орай, депутат Туризм және спорт министрінен «Астана» велокомандасына қазақстандық спортшыны қайта әкеліп, командадағы мәселелердің мән-жайын зерттеуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар