Kraken халықаралық криптоплатформасы Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шығып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында ремьер-министр Олжас Бектенов пен Kraken халықаралық криптоплатформасының тең бас атқарушы директоры Дэвид Риплидің кездесуі өтті. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту перспективаларын, заманауи қаржылық технологияларды енгізуді, реттеу тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық экономикасында халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн-технологияларды енгізуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тағы бір маңызды оқиға – Kraken компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алуы болды.
Аталған мақұлдау лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі болып саналады және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компанияның АХҚО-ның реттелетін юрисдикциясында қызметін бастауына алғышарттар жасайды.
Алдын ала мақұлдаудың алынуы ірі халықаралық криптоплатформалардың бірінің Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін растайды және елдегі цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қол қойылған Меморандум цифрлық активтерді реттеуді жетілдіру, цифрлық қаржы нарығын дамыту, дәстүрлі банк инфрақұрылымын цифрлық активтер нарығымен интеграциялау, блокчейн-технологияларды енгізу, сондай-ақ білім беру бастамаларын іске асыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайту және цифрлық активтер индустриясының жетекші халықаралық қатысушыларын тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында АХҚО-мен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.
– Kraken сияқты ірі халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуы отандық цифрлық активтер индустриясын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Біздің міндетіміз – халықаралық компаниялар озық технологиялық шешімдерді енгізе алатын, ал азаматтар мен бизнес заманауи қаржылық қызметтерге қол жеткізетін ашық, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз орта қалыптастыру. Kraken компаниясымен Меморандумға қол қою халықаралық тәжірибе алмасуға, блокчейн-технологияларды дамытуға және Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
– Қазақстан цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін елеулі әлеуетке ие екенін көрсетіп, нарықтың халықаралық қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырып жатыр. AFSA-ның алдын ала мақұлдауын алу Payward (Kraken компаниясының бас компаниясы) компаниясының Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең болып табылады. Біз мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз және цифрлық активтердің қауіпсіз, ашық әрі инновациялық экожүйесін дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастыққа сенім артамыз, – деп атап өтті Payward (Kraken) компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Рипли.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін қолайлы реттеушілік және технологиялық орта қалыптастыру, нарықтың халықаралық қатысушыларын тарту және ел экономикасында блокчейн-технологияларды практикалық қолдану аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Айта кетейік, Kraken – 2011 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі халықаралық криптоплатформалардың бірі. Компания жеке және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметтерін ұсынады.
Kraken платформасын Payward компаниялар тобы басқарады және ол Солтүстік Америка, Еуропа және басқа да өңірлердің нарықтарында жұмыс істейді. Платформа цифрлық активтер мен фиаттық валюталардың кең ауқымын қолдайды, сондай-ақ кәсіби сауда және институционалдық қызметтерді ұсынады.
Қазақстанда 2027 жылғы 1 шілдеге дейін Ұлттық криптовалютаны талдау жүйесін құру жоспарланып отырғанын жазған едік.