Креативті нарықтағы әлемдік рейтинг: Қазақстан 28 позицияға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Креативті индустриялар бойынша серпіліс жасаған Қазақстан әлемдік рейтингте 28 позицияға көтерілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Женевада (Швейцария) Global Innovation Index-2024 (GII) беделді әлемдік рейтингінің нәтижелері жарияланды.
Сарапшылар білім, ғылым, бизнес, технология және инновация саласындағы жетістіктер — барлығы 80 көрсеткіш бойынша 130-дан астам елдің рейтингін жасады.
«Қазақстанның креативті нарығында қарқынды даму серпіні байқалды. Ел „Креативті тауарлар мен қызметтер“ көрсеткіші бойынша 93-тен 65-орынға көтерілді.
Рейтингтегі бұл нәтиже — жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалардың жемісі.
Қазақстан «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткішінде де серпіліс жасап, 61-орыннан 31-орынға көтерілді.
Орталық және Оңтүстік Азияның аймақтық рейтингінде Қазақстан алғашқы үштікке еніп, Үндістан мен Ираннан кейінгі орнын сақтап қалды», — деп жазды ведомстводан.
Global Innovation Index-ті БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) жасайды. GII рейтингі халықаралық бедел мен инвестиция тартуға айтарлықтай әсер етеді.