«Кредитпен келген кейістік» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

"Егемен Қазақстан" басылымы бүгінгі санында қазақты әлекке салған кесапат «кредит» жайында "Кредитпен келген кейістік" атты мақала жариялады.

"Жұрт қызық. Кредит алғысы келсе, алдымен «мен осы төлей алар ма екенмін?» деп ойланбайды. Бірден «банк бере ме екен?» деп бас қатырады. Ал өздеріңіз білетіндей, өз пайдасын бірінші мүддеге қоятын коммерциялық банктер ешкімнің ертеңіне алаңдамайды. Қарыз берсең болды, қайтсем де қайтарамын деп қасқайып тұрған клиентті қолдан жіберсін бе?! Содан соң айтар уәждері біреу - сені ешкім қинаған жоқ. Пайызын пайымдап жатпастан шарт еткізіп шартқа қолыңды қойған өзің. Ендеше, қарызды алып алған соң ғана, кінәлі іздеп, кредиттен кілтипан көздегенше, алдымен сол қарызды алу керек пе дегенді әбден саралап алған да жөн шығар", - делінеді мақалада.

"Біздің елге жаңа ғасырмен жағаласып келген жаһанданудың бірден-бір көрінісі осы - кредит жүйесі. Яғни, бұл қазіргі күні ешкімге таңсық дүние емес. Тіпті, алғашқы кездерде оны тегін таратып жатқан ақшадай қабылдаған халық жаппай банк жағалағаны рас. Содан да шығар, бүгінгі күні кредит алмаған адам кемде-кем. Салдарынан бүгінде еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15 пайызға жуығының несие тарихы жағымсыз көрінеді. Соған қарамастан бүгіннің өзінде, статистикалық деректерге сүйенсек, халықтың жетпіс пайызға жуығы кредит алғысы келеді екен. Банк тілімен айтсақ, сұраныс бар. Араны ашылған банктер үшін бұл оң жамбасқа келер олжа. Бұрын білмей ұрынды дейін десек, қазірдің өзінде қарызға қарқын басылмай тұрғанын көріп қынжыласың. Кімнен сұрасаңыз да кредиттен көсегесі көгеріп жүргені аз. Сосын қарыз берген банкті жатып алып кеп жамандайды. Әрине, үстеме пайыздары өте жоғары біздің банктерде ақау жоқ дегеннен аулақпыз. Ол өз алдына бөлек мәселе. Біз тілге тиек етіп отырған әңгіме - қарызды аларда басқаша, алғаннан кейін басқаша болатын тұтынушы туралы. Алғанды кім жек көрсін, бұл өмірде банк түгілі, жақынынан жалынып тұрып сұрап алған қарызын да қиналып қайтаратындар жетіп-артылады емес пе!? Алайда туысың кешірер, бірақ банк бастан сипамайтынын ұғынатын кез келгелі қашан. Атам қазақ алмақтың да салмағы бар деп тегін айтпаса керек", - дейді мақала авторы.

Талдықорғанда Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов ел алдында есеп берді, деп xабарлайды "Егемен Қазақстан" "Айтылған ой бір жерден шықты" атты келесі материалында.

Өңір басшысы болып тағайындалған біржарым жылда бірқатар жұмыстың басын қайырғанын Елбасы оң бағалап, халық қолдап отырғаны мәлім.

«Жалғыз ағаш орман емес» демекші, Жетісу жерінде тұрғын үй салу, аграрлық саланы дамыту, өндірісті өркендету, инвестиция тарту деп тізбеленетін жұмыстарда әкімнің командасы білек сыбана кірісіп, талай биіктерді бағындырғанын сөз басында айтып өту керек. Рас, жекелеген аудандарда жұмыс тым сылбыр жүріп жатқаны жасырын емес. «Ақсу, Сарқан, Балқаш, Кербұлақ, Райымбек аудандарының әкімдері біржарым жылда тек жер телімдерін бөліп қана қойған. Сонда олар үшін жұмысты біреу атқара ма? Қапшағай қаласы әкімінің есебінде туризм жайлы айтылмағаны қалай?» - деп облыс басшысы ащы шындықтың бетін өзі ашты.

Тұтастай алғанда, облыс аумағында атқарылып, бюджетке қыруар қаражат түсіріп жатқан игілікті жұмыс жетіп артылады. Өңір басшысының тікелей араласуымен бір жазда Талдықорғанда көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын екі шағын ауданның бой көтеріп, пайдалануға берілгенінің өзі неге тұрады. Жан-жақтан қаражат құйылып тұрған іргелі облыстардың өзі мұндай жетістікке жете алған жоқ.

"Облыста шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді екен. «Өңірде 2014 жылы 156,6 мың бірлік белсенді шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 103,5 пайызға көбейіп, жалпы саны 162,1 мың бірлікке жетті. Осыған орай, шығарылған өнім көлемі 256,5 млрд. теңгені құрап, жергілікті бюджетке түскен қаражат 19,4 млрд. теңгеден 22,3 млрд. теңгеге артты. Өсім 114,9 пайызды құрап отыр», деген өңір басшысы, осындай игі істің нәтижесінде жергілікті бюджетке түскен салықтың көлемі 21,9 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Мұнымен бірге, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасын іске асыруға Алматы облысына 108 900 млн. теңге бөлінген. Нақты тоқталар болсақ, микрокредиттеуге 75 млн. теңге, кепілдік ұсыну үшін 11 млн. теңге, пайыздық ставканы субсидиялауға 14,3 млн. теңге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 8,6 млн. теңге қарастырылыпты", - деп атап көрсетілген мақалада.

***

"Түркістан" басылымы болса, "Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Ерлан Сағадиев қандай реформаларды қолға алуы мүмкін?" деген сауалдың төңірегінде ой толғайды.

Айта кетейік, өткен аптада Елбасы Жарлығымен Қазақстанның Білім және ғылым министрі лауазымына Ерлан Сағадиев тағайындалған болатын.

"Білім саласын басқаратын жаңа министрдің қандай жаңалық енгізетіні әзірге беймәлім. Өйткені Білім және ғылым министрі өзінің жоспарлары мен жаңалықтарын жариялап үлгермеді. Қазіргі уақытта бізге белгілі деректер мынадай. Біріншіден, Ерлан Кенжеғалиұлы 8 жылдай уақыт бойы АҚШ-та білім алып, сонда қызмет еткен. Ведомствоның жаңа басшысы әлемдік дамуға ілесу үшін және балалардың ой-өрісі кең болуы үшін оларға орыс тілінен гөрі ағылшын тілін тереңірек меңгеру қажет деп есептейді. Себебі әлемдегі жаңа ақпарат, ғылыми жаңалықтар мен техникалық даму бүгінде ағылшын тіліне тәуелді болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «TEDxAlmaty 2013» конференциясында Ерлан Сағадиев: «Қазақстандағы білім реформасы туралы айтатын болсақ, бізге мектептің бір үлгісі керек. Қазіргі мектептер сияқты емес. Бұл мектепте барлық техникалық мамандықтар ағылшын тілінде, Қазақстан тарихы мен мәдениеті қазақ тілінде, ТМД елдерінің тарихы мен мәдениеті орыс тілінде оқытылады. Үш тілде оқыту міндеттеледі. Балаларымыз да қатты қиналмайды. Алға жылжу бар. Елбасы үш тілде білім беру жүйесі туралы жариялады, барлық мектепті міндетті түрде осы жүйеге ауыстыруға нұсқау берді. Яғни, саяси шешім қабылданып қойды. Енді осы жүйені тек жылдам іске асыру қажет», - деген еді", - деп жазады басылым «Жақсы болсаң келерсің судан өтіп...» атты мақалада.

Өз сөзінде Ерлан Сағадиев әдебиеттің басым бөлігі тек ағылшын тілінде шығарылатындығын еске салды. Министр ұсынған деректер бойынша, ағылшын тіліндегі түрлі саладағы оқулықтар саны 550 мың болса, орыс тілінде 97 мың, ал қазақ тілінде бар-жоғы 2300 ғана оқулық бар. Жаңа министрдің бұрынғы айтқан сөздеріне сүйенсек, ата-аналар мектепті таңдауда белгілі бір мәліметтерге, сандарға және трендке мән беруі тиіс. Сондай-ақ, Сағадиев мырза тәрбие мен білім берудің мақсаттары мен міндеттерін ажырата білудің қажеттілігін де ескертеді.

Отандық медиа-бизнестегі ең ықпалды азаматтардың бірі, 31 арна, «Forbes Kazakhstan» журналының, «Muzzone», «Таң» телеарналарының, «Icon» телекоммуникациялық компаниясының иесі Арманжан Байтасовпен болған сұxбатты оқырман назарына ұсынады. Сұхбат барысында ақпараттық кеңістіктің өзекті мәселелері қозғалып қана қоймай, жеке ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін бастамашыл жастарға пайдасы тиер ақыл-кеңестер айтылды.

«31 арнаның» мен армандаған, кейбір ұйқысыз түндерде кірпік қақпай көз алдыма елестеткен бейнесі қазіргіге мүлдем ұқсамайды. Айырмашылық жер мен көктей. Өйткені әлем адам танымастай өзгерді, ақпарат нарығында біз бұрын-соңды естіп-білмеген жаңа құндылықтар пайда болды. Контент жасау, оны таратудың бүгінгі мүмкіндіктерін 25 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бүгін сіз қолыңыздағы «Айфонмен» видео түсіріп, оны монтаждап, бір ғана құралдың көмегімен дайын сюжетті аудиторияға ұсына аласыз. Ол кезде бізге қарапайым ұялы телефондардың өзі жете қоймаған. Бейнекамералар зілдей ауыр болатын, оны белгіленген нысанға апарып, түсірілім жасап келу қиямет еді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Гарвард, Оксфорд сынды атақты білім ошақтарында білім алып, Батыстың озық ғылымы мен техникасын игерген күннің өзінде біз ХХІ ғасырдың басында ақпараттық технологиялардың мұндай әлеуетке ие болатынын болжай алмас едік. Ол кезде қиялымыздың өзі шектеулі болатын", - дейді сұxбат барысында А. Байтасов.

Аталмыш әңгімені "Арманжан Байтасов: Қазақстанда бақуатты өмір сүруге мүмкіндік мол" атты материалдан оқи аласыздар.

***

Алматыда бірнеше ер кісінің әділет департаментінен қала көшелеріндегі әкелерге алимент төлеуге шақыратын баннерлерді алып тастау бойынша талап арызды сотта алдын ала қарау басталды, деп жазады "Экспресс К".

Арыз берушілердің ойы бойынша, аталмыш плакаттарда ер адамдарды кемсітушілік бар.

- Бізде алимент төлемей қашып жүрген батыр-аналар да бар, - дейді арызданушы Азамат Жұмаділов. - Бірақ билік басындағылар тек әкелерді безбүйрек етіп көрсетіп қойған.

Алматы қаласындағы әділет департаментінің өкілі Дәулет Сүлейменов болса, бұл уәжге былай жауап берді: Сот орындаушыларының қолында қазір алимент төлемеушілер бойынша 18 мың іс бар. Олардың ішінде тек 140 әйелдер бойынша. Оның үстіне тек екі ана алимент төлемеген.

Іс немен аяқталатыны келесі аптаның соңында белгілі болады, дейді Экспресс К "Милые бранятся - дети чешутся" атты мақалада.

Соңғы жаңалықтар