Кредитті төлеуге ақшаңыз жетпесе, банк не істеуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары проблемалық берешегі бар клиенттердің табысы мен нақты төлем мүмкіндігін ескеріп, қарызды реттеу жолдарын ұсынуға тиіс. Бұл мәселе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесуінде талқыланды.
Кездесуде халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту, проблемалық берешекті реттеу, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері көтерілді.
Агенттік мәліметінше, кейінгі екі жылда кепілсіз тұтынушылық кредит беруге қойылатын талаптар күшейтілді. Борыш жүктемесі коэффициентіне қатысты талаптар қатаңдатылып, төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген жағдайда қарыз беруге тыйым салынды. Сонымен қатар тұтынушылық кредит сомасына шектеулер енгізіліп, сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі төмендетілді.
Қабылданған шаралардан кейін кредиттік портфельдің өсу қарқыны 2025 жылғы тамыздағы 14,6%-дан 2026 жылғы тамызда 7,5%-ға дейін төмендеді.
Банктер клиенттердің мәселесін өздері шешуге тиіс
Агенттікке азаматтардан түсетін өтініштердің негізгі себептерінің бірі — берешекті реттеу мәселесі. Биылғы тоғыз айда 144,3 мың өтініш қаралған. Оның 48%-ы банк секторына, 33%-ы микроқаржы ұйымдарына, 9%-ы коллекторлық қызметтерге қатысты болған.
Азаматтар сондай-ақ банктік шоттарды бұғаттау, қаржылық алаяқтық және кредиттік тарих мәселелері бойынша жүгінген.
Осыған байланысты қаржы ұйымдарына проблемалық қарызы бар клиенттермен жұмысты күшейту жөнінде ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, банктер мен микроқаржы ұйымдары берешекті реттеу шараларын қабылдап, қарыз алушының табысы мен нақты мүмкіндіктерін ескеріп шешім ұсынуы қажет.
Сонымен қатар клиенттердің мәселелерін мемлекеттік органдарға жүктемей, қаржы ұйымдарының өздері шешуге тиіс екені атап өтілді. Банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы клиенттердің құқықтарын қорғау бөлімшелері өтініштерді мәні бойынша қарап, мәселені реттеу үшін нақты шаралар қабылдауы керек.
Олардың жұмысының тиімділігі өтініштерге уақытында жауап беруімен ғана емес, клиенттердің мәселелерін шешу нәтижелерімен де бағалануға тиіс.
Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі жетілдіріледі
Кездесуде қаржы омбудсманы қызметін одан әрі дамыту мәселесі де талқыланды. Егер дау қаржы ұйымының деңгейінде шешілмесе, омбудсман оны қолжетімді әрі тәуелсіз қарауға мүмкіндік беруге тиіс.
Осы мақсатта FinKomek цифрлық платформасы базасында өтініштермен жұмыс істеудің барлық кезеңін біріктіру міндеті қойылды. Жүйе өтінішті қабылдаудан бастап, оны тиісті қаржы ұйымына немесе қаржы омбудсманына жолдауға, қарау мерзімін бақылауға және өтініш берушіні нәтижеден хабардар етуге дейінгі процесті қамтуы керек.
Агенттік азаматтардың шағымдарын талдап, анықталған бұзушылықтар бойынша қадағалау шараларын қабылдамақ. Қайталанатын шағымдар жүйелі мәселелерді анықтау және осындай бұзушылықтардың алдын алу үшін пайдаланылатын болады.
Алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер азайды
Кездесуде қаржылық алаяқтыққа қарсы шаралар да қаралды. Алаяқтық жолмен қарыз рәсімдеудің алдын алу үшін шешім қабылдау кезеңі, алғашқы қарызды алу кезіндегі жеке қатысу талабы және жекелеген жас санатындағы клиенттер үшін келісімді қосымша растау талаптары енгізілген. Онлайн қарыз рәсімдеген кезде биометриялық сәйкестендіру де көзделген.
Ұсынылған деректерге сәйкес, алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздар саны 2024 жылғы 8,7 мыңнан 2026 жылы 1,9 мыңға дейін азайған.
Алдағы уақытта қаржы ұйымдарының алаяқтыққа қарсы жүйелерін жетілдіру және олардың тиімділігін бағалау үшін тәуелсіз аудит жүргізу жоспарланып отыр.
Еске салайық, мұның алдында несие алуға «Стоп-кредит» қойғандар қандай қарыздарды бәрібір рәсімдей алатынын жазғанбыз.