Криминалистер тәртіпсіздіктен кейін 15 мыңнан астам тергеу жүргізді - ІІМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің криминалистері қаңтар оқиғасына қатысты 15 мыңнан астам тергеу әрекетін жүргізді. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Баршамызға мәлім, тәртіпсіздік кезінде Алматы қаласы ең көп зардап шекті. Осыған байланысты және кәсіпкерлердің өтінішін ескере отырып, өңірлік полиция департаменттерінен жедел-тергеу және криминалистика бөлімше қызметкерлері қосымша тартылды. Нәтижесінде барлық нысандарды тексеруді қысқа мерзімде аяқтап, оқиға орнын, зақымдарды тіркеп, қажетті заттай дәлелдемелерді алдық», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ІІМ криминалистері алынған із бойынша қылмыскерлердің жеке басын анықтап жатыр.
«Тергеушілер 15 мыңнан астам тергеу жүргізді. Оның ішінде жәбірленушілерден, куәлардан және күдіктілерден жауап алу, оларды беттестіру, тексерулер, тінту және басқа да іс-шаралар бар. Тергеу органдарына дәлелдеме жинауға және құқық бұзушыларды ұстауға көмектесетін азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Мысалы, Алматы облысы елді мекендерінің бірінде тұрғындар ұрланған қарудың алтауын сату әрекетінің жолын кесіп, полицияға тапсырды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және күдіктілер ұсталды. Олардың Алматы қаласы әуежайының ғимаратындағы сауда нүктелерін тонауға қатысы бар екені анықталды», - деді Санжар Әділов.