Криптонарықтағы дүмпу: әлем елдері жаңа қор құруға көшпек

АСТАНА. KAZINFORM – Жаһанда ең бағалы криптовалюта саналатын биткойн (Bitcoin немесе BTC) құны кейінгі апталарда рекордтық деңгейге жетіп жатыр. 14 шілде күні 1 биткойн алғаш рет 120 мың доллардан асты. Биыл наурызда АҚШ билігінің өзі стратегиялық криптовалюта резервін құру жөнінде мәселе қозғады. Демек, алдағы уақытта әлемде криптовалютаның ықпалы артып, құны еселене беруі мүмкін. Ал Қазақстан бұл сәтте қандай қадамдарға барғаны жөн? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сарапшы пікірін сұрады.

криптовалюта
Фото: Kazinform

Сонымен, биткойн құны 120 мың доллардан асып, кезекті рекорд көрсетті. Қазір 110-120 мың доллар арасында ауытқып тұр. Тәуелсіз қаржыгер Ғимран Абдрахмановтың айтуынша, бұндай көрсеткішті көпшілік 2021 жылы-ақ күткен, сол кезде 1 биткойн құны 100 мың доллардан асады деп жиі болжанған.

Біз АҚШ криптовалюта резервін құрғалы жатқанын айттық. Әйтсе де сарапшы көптеген ел осындай резервті әлдеқашан құрып қойған болуы мүмкін екенін айтады.

– Жалпы, криптовалюта түрінде резервтер көп елде құрылып жатыр немесе әлдеқашан құрылып қойған. Бірақ олардың барын ресми түрде жарияламайды. Менің сенімім бойынша, АҚШ-та мұндай резервтер бұрыннан бар. Резерв көбіне заңсыз жолмен өндірілген немесе тәркіленген, айыппұл ретінде алынған криптовалюталардан тұрады.

Қазір тәркіленген, бұғатталған криптоактивтердің саны өте көп. Қазақстанда да осындай резерв бар деп сенемін, бірақ ол жайлы ресми түрде ештеңе айтылмаған. Бұл - заңдылық, себебі қазір заңсыз P2P саудамен айналысқан тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғалы жатыр. Олардың криптоактивтері тәркіленіп, бұғатталады. Мұндай активтер кейін кімнің пайдасына кететіні қадағалаушы органдарға байланысты, – деді Ғимран Абдрахманов.

Алайда мемлекеттік резерв ретінде криптовалюта қорын құру жөнді қадам саналғанымен, оның көлемі шектеулі болуға тиіс екен. Себебі криптовалюталар өте құбылмалы активтер екені белгілі. Қаржыгердің айтуынша, биткойнды кім жасағаны да әлі күнге белгісіз.

– Биткойн авторы саналатын Сатоши Накамото жалғыз адам ба, әлде топ па, қазір тірі ме, қайда тұрады – бұның бәрі жұмбақ. Сондықтан жалпы мемлекеттік капиталдың 10%-ынан артығын криптовалютаға жұмсау - аса қауіпті қадам. Тіпті 10%-дың өзі тәуекел болып көрінуі мүмкін.

Сол себепті мұндай резервтер тек белгілі бір мөлшерде және нақты инвестициялық стратегия, тіпті «инвестициялық конституция» аясында ғана құрылуға тиіс. Осы құжатта қалай жазылса, барлығы соған байланысты болмақ, – деп түсіндірді сарапшы.

Ғимран Абдрахманов
Фото: Ғимран Абдрахмановтың жеке мұрағатынан

 

Ғимран Абдрахманов келешекте биткойн алтын резервінің орнын басады деген болжамдар да айтылып жатқанын жеткізді. Бірақ кейбіреулер криптонарықты «көпірген нарық» деп санайды. Себебі оның құны бірнеше факторға байланысты. Жай жаңалықтар легі, экономика заңдылықтарына сай сұраныс пен ұсыныс, нарықтағы ірі ойыншылардың әрекеттері де бағаға қатты әсер етеді.

Биткойнның өсуі өз кезегінде альткойн секілді балама криптовалюталардың бағасының өсуіне де әкеледі. Мысалы, егер биткойн 10%-ға өссе, басқа криптоактивтер 15-20%, тіпті 30%-ға дейін өсуі мүмкін. Тағы бірінің құны мүлде «ғарышқа ұшып», рекордтық көрсеткіштерге жетуі ықтимал.

– Иә, криптовалюта резервін құру орынды. Мемлекет криптоқор бар екенін ресми жарияласа немесе ол активтер Ұлттық қордың құрамына енгізілсе, бұл халыққа да қызық болар еді деп ойлаймын. Бұл активтер жекеменшік тұлғаларға емес, мемлекетке тиесілі екені айтылса, қоғам бұған еш қарсы болмайды, – деп түйіндеді қаржыгер Ғимран Абдрахманов.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің пікірінше, криптовалютаның түсінікті, қарапайым құрал болудан ауылы әлі алыс. Сондай-ақ Қазақстанда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға мүмкіндік беретін СryptoCity жобасы іске қосылмақ.

Соңғы жаңалықтар