Криштиану Роналду Португалия құрамасының екі ойынына шақырту алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы екі ойынға Сауд Арабиясының «Аль-Наср» командасының 38-жастағы шабуылшысы Криштиану Роналдуды шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Криштиану Роналду Португалия құрамасының екі ойынына шақырту алды
Фото: CLAUDIO VILLA/GETTY IMAGES

Португалиялық футболшылар Лихтенштейн (23 наурыз) және Люксембург (26 наурыз) құрамаларымен шеберлік байқасады. Бас бапкер Роберто Мартинес аталған ойындарға Криштиану Роналдуды шақыруды жөн көрді.

Бұл - бельгиялық маманның Португалия құрамасы бас бапкері қызметіндегі алғашқы ойындары.

Ол 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметінен кеткен Фернанду Сантушты алмастырды. Катарда өткен доп додасында португалиялық футболшылар 1/4 финалда Марокко (0:1) құрамасынан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.

38-жастағы Роналду өз елінің құрамасы сапында 2003 жылдан бері ойын көрсетіп келеді. Ол аталған 196 кезеңде 118 голдың авторы атанып, 43 нәтижелі пас берді.