Кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76%-ы сталкинг құрбаны

АСТАНА. KAZINFORM – Жұбайыңыздың телефонын тексеріп, қайда жүргенін аңдитын болсаңыз, жазаға тартылуыңыз мүмкін. 1 ай бұрын елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген еді.

Аяжан Ойрат
Фото: Kazinform

Сталкерлік әрекет өзге елдерде қалай жазаланады? Қазақстандағы жаңа заң нәтижелі ме? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған халықаралық заңгер тарқатып айтты.

— Сталкинг — бұл адамды қорқытатын, қайталанатын, жүйелі түрде жасалатын белгілі бір әрекеттер. Оған адамның артынан аңду, онымен байланыс орнатуға тырысу, еркінен тыс сыйлық беру, әлеуметтік желілер мен телефон арқылы тоқтаусыз хабарламалар жіберу, киберсталкерлік жасау жатады. Сталкинг тек психологиялық қысыммен шектелмейді. Ол адамның мүлкіне зақым келтіру, жеке деректерін, фото-видеоларын таратамын деп қорқыту секілді әрекеттерді де қамтиды. Кейде сталкерлер жәбірленушінің туыстары мен достарын аңдып, олардың үйлеріне дейін барады. Жаман сөздерді граффити секілді жазып кету де — сталкингтің бір түрі. Ер мен әйелдің бірін-бірі аңдуы, телефонын тексеруі — киберсталкингке жатады. Жай ғана құпия сөзін біліп, телефонын қараумен қоймай, кей адамдар арнайы қосымшалар орнатып, навигатор арқылы бақылап отырады. Бұл да сталкингтің бір түрі, — дейді Аяжан Ойрат.

Студия қонағы заңдағы жаңа баптың жазасы тым жеңіл деген пікірде.

— Қазақстанда сталкинг әрекеттері үшін Қылмыстық кодекске жаңа 115-бап енгізілді. Бұл бап бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен, бұл өте жеңіл жаза. Өкінішке қарай, мұндай жаза сталкинг қылмысының алдын алуға көмектесе алмайды, — дейді ол.

Маман мұндай әрекеттерге өзге елдерде қандай жаза қолданылатынын айтты.

— Шет мемлекеттерде сталкингке әлдеқайда қатаң қарайды. Мысалы, Ирландияда мұндай қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Еуроодақ елдерінің барлығында дерлік сталкингке қатысты қылмыстық жазасы 5–7 жылға дейін түрмеге қамауды көздейді. АҚШ, Англия, Канада сияқты елдерде де жағдай осындай. Бұл елдерде сталкинг жасаған адамдар тек қана түрмеге қамалып қоймай, міндетті түрде реабилитациядан өтеді. Оларға психологиялық көмек беріледі. Себебі, агрессорлардың да психологиялық травмалары мен проблемалары болуы мүмкін. Ал 50 күн ішінде біз қылмыскердің психикасына мүлде әсер ете алмаймыз, — дейді заңгер.

Аяжан Ойрат кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76 пайызы сталкингке ұшырағанын жеткізді.

— Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам өлтірудің арасында сталкинг тұр. Егер сталкингтің алдын алмасақ, ол үлкен қылмыстарға алып келуі мүмкін. Фемицидтің 76 пайызы сталкингтен басталады. Сондықтан бұл мәселені өте ерте кезеңде тоқтатуымыз қажет, — дейді маман.

Қоғам арасында сүйгеніне қол жеткізу үшін түрлі әрекеттерді жасаудан тайынбайтын жастар бар. Алайда, заңгер адамның сталкерлік әрекетті жасаудағы ниеті қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайтынын қадап айтты.

— Біз сталкердің ниетіне емес, жәбірленушінің психологиялық жағдайына назар аударуымыз керек. Себебі, сталкинг жасайтын адамдар өздерін сталкер деп есептемейді. Мысалы, қылмыскерлер адам ұрлап немесе өлтіргенін мойындай алады, бірақ сталкерлер өз әрекетін «мен жай ғана хабарластым» деп ақтауы мүмкін. Ал олар бес минуттың ішінде 99 рет хабарласады. Олар сталкерлік әрекеттің шекарасын ажырата алмайды. Кейде сталкерлер сыйлықтар береді. Бірақ бұл да әртүрлі болуы ықтимал. Мысалы, адамда белгілі бір гүлге аллергия бар делік. Егер біреу әдейі сол гүлдерді сол адамның жүрген жеріне алып барса, бұл да зардап шегушінің денсаулығына зиян келтіреді, — дейді студия қонағы.

Өкінішке қарай, сталкингке ұшыраған адам жағдай туралы дәлелдерді өзі ұсынуы керек.

— Адамның сталкингке ұшырағанын дәлелдеу өте қиын. Егер бір зат ұрланса, полиция келіп, тергеу жүргізіп, дәлел жинайды. Ал сталкинг жағдайында дәлелді жәбірленушінің өзі жинауы керек. Сталкерлердің өзіндік «профильдері» болады. Ең қауіпті сталкерлер — бұрын ажырасқан, романтикалық қарым-қатынаста болған адамдар. Статистика бойынша сталкерлердің 82 пайызы — ер адамдар. Ал сталкингке ұшырағандардың 78 пайызы — әйелдер, — дейді Аяжан Ойрат.

Халықаралық заңгер жаңа баптар аясында халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек деген пікір білдірді.

— Қоғаммен тығыз жұмыс жүргізу қажет. Романтикалық қарым-қатынастағы флирт пен сталкингтің айырмашылығын түсіндіруіміз керек. Кейде күніне 5 рет қоңырау шалу қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бұл жағдай сталкерлікке айналуы ықтимал. Адамдар ажырасқаннан кейін неліктен осынша көп хабарласады? Біз бұл сұрақтың жауабын да іздеуіміз керек. Ерлер мен әйелдерге бөлек түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Әйелдерге романтикалық қарым-қатынас пен зорлық-зомбылықтың шекарасын көрсетуіміз керек. Ал ер адамдарға психологиялық тұрғыда қолдау көрсету қажет. Себебі, адамдар адам өлтіруге жайдан-жай бармайды. Кей жағдайларда сталкерлер бұрынғы әйелін өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсайды. Осындай қайғылы жағдайларды болдырмау үшін қоғамдық санада түбегейлі өзгерістер болуы керек, — дейді ол.

Бұған дейін Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы жаңа заңның нақты құқықтық сипаты қандай болатынын сараптап көрген еді. Толығырақ білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.

Соңғы жаңалықтар