Кішкентай, бірақ өте епті: Көлсайда ақкіс камераға түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің Қарабұлақ орманшылығына қарасты Қайыңды сайында табиғаттың кішкентай әрі шапшаң тұрғыны – ақкіс бейнекамераға түсіп қалды.
Ақкіс (Mustela erminea) – сусарлар тұқымдасына жататын жыртқыш. Кішкентай болғанымен, қимылы шапшаң, өзі өте сақ. Негізінен ұсақ кеміргіштермен қоректеніп, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Ал ең қызығы, ақкіс жыл мезгіліне қарай «киімін ауыстырады».
Жазда жүні қоңырқай болса, қыста аппақ түске енеді. Бұл оған қар арасында көзге түспей, жауларынан жасырынуға және жемтігіне байқатпай жақындауға көмектеседі.
Табиғаттың әрбір кішкентай тұрғыны – үлкен экожүйенің маңызды бөлігі.
Видео авторы: Қарабұлақ орманшылығының мемлекеттік инспекторы Б. М. Қойшыбаев.
Айта кетейік, Шарын ұлттық паркінде сирек кездесетін өзен кәмшаты фототұзаққа түсті.