Кітап оқитын ұлт жобасы: 6 айда 2 миллион кітап оқылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мың адам қатысқан. Олар алты айдың ішінде, 2 миллионнан астам кітап оқыды. Бұл туралы «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған қанатқақты жоба мыңдаған адамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырған.
Статистикаға сәйкес, қазақстандықтар жылына орта есеппен 2–3 кітап оқиды. Ал жобаға қатысушылар алты айдың ішінде бұл көрсеткішті бес есе ұлғайтты. Көпшілік күн сайын 30–50 бет оқуды тұрақты әдетке айналдырған.
- Жобаның негізгі мақсаты – елімізде тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Бастама Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайда айтқан идеясынан туындады. Мемлекет басшысы жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту қажеттігін нақты атап өткен болатын. Осы үндеуді негізге ала отырып, қоғамдық жобалармен айналысып жүрген азаматтар бірігіп, аталған жобаны іске қостық. Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, ми қызметін шыңдайтын ең тиімді құралдың бірі. Сондықтан сананы тұрақты түрде дамытып отыру қажет. Оның ең қарапайым әрі қолжетімді жолы – кітап оқу, - деді Аян Сакошев.
Спикердің айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Жоба алты бағыт бойынша әр түрлі аудиторияны қамтыған. Қатысушылардың жас ерекшелігіне сәйкес әр оқырманға 15 кітаптан бекітілді, оларды оқып біту осы жылдың сәуір айына дейін жоспарланған.
- Әр жас ерекшелігіне сәйкес кітаптар тізімі арнайы сарапшылық топтың қатысуымен жасақталды. Мәселен, 6-сынып оқушыларына 15 кітаптан тұратын жеке тізім ұсынылды. Студенттерге, мемлекеттік қызметкерлерге және өзге де қатысушыларға бөлек-бөлек іріктеу жүргізілді. Тізімге ұлттық әдебиетіміздің таңдаулы туындылары, әлемдік бестселлерлер және түрлі жанрдағы танымдық еңбектер енгізілді. Әр жанр бойынша қазақстандық оқырманға маңызды шығармалар қамтылды. Алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқып шықты. Енді ынталандыру тетігі ретінде арнайы байқау ұйымдастырылады. Байқау дебат, quiz форматында өтуі мүмкін. Қатысушылар кітап мазмұны бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беріп, іріктеуден өтеді, - деді ол.
Жоба жеңімпаздарына арнайы ақшалай сыйлықтар қарастырылған: – І орын – 1 000 000 теңге; ІІ орын – 600 000 теңге; ІІІ орын – 400 000 теңге.
- Бұл – кітап оқуға деген ынтаны арттыруға бағытталған нақты мотивациялық қадам. Оқырман білім алып қана қоймай, қаржылай қолдауға да ие болады. Жобаға үш өңірдегі мекемелер демеушілік көрсетті. Қорытынды нәтижелер сәуір айында, Ұлттық кітап күні қарсаңында жарияланады,- деді ол.
Осы тұста Аян Сакошев алдағы жылдары жобаның ауқымын кеңейту жоспарда бар екенін мәлімдеді.
- Қазіргі таңда жоба үш өңірде пилоттық түрде жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесі оң болған жағдайда, оны республика көлемінде кеңейту жоспарда бар. Ең бастысы – бұл бастамаға қатысқан әрбір азамат ұтылмайды: ол кітап оқиды, білімін арттырады және еңбегі үшін сыйақы алуға мүмкіндік алады, - деді Аян Сакошев.
Айта кетейік, Астанада 11 жастағы оқушы төрт тілде 853 кітап оқыған.