ҚТЖ-ның балаларды қолдауға арналған әлеуметтік бастамалары қандай
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл жөнінде компанияның аппарат басшысы Ерлан Амандықов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның сөзінше, ҚТЖ әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде биылдың өзінде бірнеше ауқымды жобаны іске асырып жатыр.
– Жаркент қаласында мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл 140 орындық балабақша құрылысы басталды. Сонымен қатар, Wabtec компаниясымен ынтымақтастық аясында Сексеуіл және Шалқар елді мекендерінде өнер мектебі шығармашылық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Тамыз айында іске қосамыз, – деді Ерлан Амандықов.
Оның айтуынша, Астанада Қазақстан темір жолының тарихы туралы «Жібек жолынан бастап болат магистральдарға дейін» музейі ашылды.
– Сонымен бірге, Астана қаласында падел алаңы бар мұз айдыны құрылысы аяқталды. Жақында іске қосылады, – деді ҚТЖ аппарат басшысы.
Компанияның бұл бағыттағы қызметі теміржолшылар отбасыларының балаларын ғана емес, теміржол саласына қызығушылық танытатын өңірлердегі жасөспірімдерді де қамтиды. Көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары робототехника, ғылым және спорт салаларындағы қабілетін дамытуға арналған пайдалы сыйлықтармен марапатталады. Компания балалардың шығармашылық және танымдық әлеуетін арттыру мақсатында тұрақты түрде ауқымды (мысалы, 6-13 жас аралығындағы балаларға арналған «Теміржол балалардың көзімен») байқаулар ұйымдастырады. Қатысушылар теміржолдағы қауіпсіздік, болашақ пойыздар және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарында эссе жазып, бейнероликтер әзірлейді. Үздік жұмыстардың авторларына қабілет-қарым мен зейінді дамытатын LEGO жиынтықтары табысталады.
Ал жас теміржол әуесқойлары үшін локомотив деполарына экскурсиялар ұйымдастырылып, пойыз машинистерінің кабиналарында мамандықпен таныстыру сапарлары өткізіледі.
Теміржолшылар отбасыларына тұрақты қолдау көрсету шаралары Ұжымдық шартта бекітілген. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ата-аналарға 6 АЕК көлемінде материалдық көмек төленеді. Одан бөлек, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарына 25 мамыр күні ақылы демалыс күні беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін теміржол машина жасау өндірісі 22,5 пайызға өскенін жазғанбыз.