ҚТЖ пойыздарда ұшақтағыдай тамақтану жүйесін енгізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жолаушылар пойыздарындағы тамақтану қызметіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында өткен жиында айтты.
Оның айтуынша, ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға тамақ ұсынудың жаңа тәсілдерін қарастырып жатыр.
– Алдағы уақытта тамақтану қызметін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, ұшақтардағыдай тамақтану жүйесін жасағымыз келеді. Тағамдар шағын порциямен, жолаушыларға ыңғайлы етіп ұсынылады. Ал қалағандар қосымша порцияға тапсырыс бере алады, – деді Әнуар Ахметжанов.
Сонымен қатар компания жолаушыларға пойызда отырып, жеткізу қызметтері арқылы қалаған тағамына тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынуды көздеп отыр.
Әнуар Ахметжановтың айтуынша, мұндай қызметтерді дамытуға пойыздарда спутниктік интернеттің іске қосылуы мүмкіндік береді. Жолаушылар жол үстінде тамаққа тапсырыс берумен қатар, вокзалға алдын ала такси шақырып, өздеріне қажетті онлайн қызметтерді пайдалана алады.
– Интернет біз үшін түпкі мақсат емес. Бұл – жаңа қосымша қызметтерді дамытудың негізі. Қозғалыстағы пойызда тұрақты цифрлық байланыстың болуы бұрын болмаған мүмкіндіктерге жол ашады, – деді басқарма төрағасы.
Әзірге ұшақтардағыдай тамақтану жүйесінің нақты қашан енгізілетіні айтылған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 51 бағыт бойынша қатынайтын 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагон Starlink спутниктік интернетімен жабдықталғаны хабарланды.