ҚТЖ: Wabtec-пен келісімге Ұлттық қор мен БЖЗҚ-дан ақша алмаймыз
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы америкалық Wabtec компаниясымен арадағы 4,2 млрд доллардың келісімшартын орындауға қаражатты қайдан алатынын мәлім етті.
— Инвестициялық қажеттіліктерге, яғни 2027-2036 жылдары тепловоздарды сатып алуға қарыз тарту жоспарланған. Бұл ретте БЖЗҚ не Ұлттық қор қаражаты тартылмайды. Тепловоздарды сатып алу пайдаланудан шығарылатын паркті ауыстыруға байланысты және жоспарланған тасымалдауды локомотив тартымымен қамтамасыз ету қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында коммерциялық қажетті жоба болып табылады. Қарыздардың және инвестициялардың қайтарымы келісімшарт жасасу кезінде сөзсіз қарастырылған, — делінген ҚТЖ-ның Kazinform сауалына жолдаған жауабында.
Сондай-ақ, ұлттық компаниядағылар 4.2 млрд доллар сомаға қатысты қосымша түсініктеме ұсынды.
— Бұл — 2058 жылға дейінгі кезеңге локомотивтерді сатып алу мен сервистік қызмет көрсетуді қоса алғандағы үш келісімшарттың жалпы сомасы. Локомотивтерді сатып алу дәстүрлі түрде өздік және қарыз қаражаттарының комбинациясы есебінен жүзеге асырылады. Сервистік шығыстар ағымдағы операциялық шығындар болып табылады, олар өз қаражатынан төленеді, бұл қажеттіліктерге кредиттер тартылмайды. 4 млрд. АҚШ доллары 300 бірлік локомотив сатып алуды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы сервистік шартты 15 жыл мерзімге 405 бірлік локомотивке ұзартуды, сондай-ақ соңғы локомотивтің сервиске қойылуын ескере отырып, сатып алынатын 300 бірлік локомотивке 18 жыл мерзімге толық сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды, — деп жазылған қосымша мәліметте.
Бұған дейін ҚТЖ Wabtec-пен келісімде көрсетілген 4,2 млрд доллар 300 вагонның ғана құны еместігін мәлімдеген еді.