ҚТЖ жолаушыларға вокзалға ертерек келуге үндеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚТЖ» ҰК» АҚ жолға шығудан әзірге бас тартуға шақырады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚТЖ  жолаушыларға вокзалға ертерек келуге үндеді

«Қазіргі ахуалды ескере отырып, жергілікті жерлердегі пойыз және вокзал бастықтары, сондай-ақ теміржолдағы өзге де қызметкерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ жолға шығудан әзірге бас тартуға шақырады және қабылданған қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға сұрайды», - деді Қ. Әлмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол кесте бойынша жүрмей қалған пойыздардың жолаушыларына билет құны толық қайтарылатынын еске салды.

«Барлық өңірде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты әкімдіктермен бірлесе бұл кезеңдегі жұмыстың технологиясын пысықтадық. Қазіргі уақытта түнгі кездегі қызметке қатысты ешқандай шағым болмады. Осы орайда жолаушылар өздерімен бірге жол жүру билеті мен жеке куәлігін алып жүруі керек. Вокзалдарға жолаушылар мүмкіндігінше ертерек келгендері абзал. Вокзалдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Біздің теміржолшылар ұйымдастырылған деңгейде қызмет етіп жатыр», - деді Қанат Әлмағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қанат Әлмағамбетов еліміздің аумағындағы пойыздар қозғалысына түсініктеме берді. ҚТЖ жедел штабы Көлік комитетінің келісімімен 25 жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылып, 13 пойыз қосындарға қайтарылды.

Сонымен қатар ел аумағында 120-ға жуық жүк пойызы уақытша тоқтатылды.