«ҚТЖ–Жүк тасымалы» компаниясынан негізсіз жұмыстан шығарылғандар қайта қабылданды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «ҚТЖ – жүк тасымалы» ЖШС-де тепловоз машинисінің қосалқы көмекшісі болып жұмыс істеп, негізсіз шығарылған 9 адам сот арқылы өз құқығын қорғады. Сонымен бірге жұмыс беруші бос жүрген уақыт пен моральдық зиян өтемақысы ретінде әрқайсысына 900 мың теңге төлеуі тиіс.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 адам «ҚТЖ – жүк тасымалы» ЖШС-іне тепловоз машинисінің қосалқы көмекшісі болып жұмысқа қабылданған. Бір жарым ай өткен соң «ҚТЖ – жүк тасымалы» ЖШС-і атқаратын лауазымына сәйкес келмеуіне байланысты олармен арадағы еңбек келісімшарттарын бұзған.
Еңбек шарттарын тоқтатуға кеңес хаттамасы негіз болған. Онда кадрларды іріктеу конкурстық комиссиясы құрамының сәйкес келмеуі, сынақ мерзімінде еңбек шарттарын тиісінше рәсімдемеу секілді бірқатар бұзушылық тіркелген.
– Жұмыстан босатылған серіктестік қызметкерлері өз еңбек құқықтарын қорғау үшін Ақтөбе қалалық сотына жүгінген. Сот талап қоюшылардың job.railways.kz сайты арқылы жұмысқа орналасқанын, конкурсқа қатысу үшін барлық қажетті құжаттар және олардың кәсіби қабілеттерін растайтын құжаттар тапсырғанын анықтады. Сот тараптар берген дәлелдемелерді жан-жақты бағалай отырып, жұмыстан босатуға негіз жоқ деген тұжырымға келді. Сот жұмыстан босатылған қызметкерлердің лауазымдарын қалпына келтірді. Жұмыс берушіден әр талап қоюшы пайдасына 900 мың теңге шамасында мәжбүрлі бос жүрген уақыт пен моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбеде пәтер сатып алмақ болған 17 адамды алдаған алаяқ әйел сотталды. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.