Куәгер сотта БҚО-да МИ-8 тікұшағының қалай құлағаны жөнінде айтып берді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық № 2 сотында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.
Сотта мәлім болғанындай, апат кезінде қаза тапқан әуе кемесінің командирі, 59 жастағы Дәулетбай Қанатов пен 50 жастағы екінші ұшқыш Владимир Афанасьевке ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабына (темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сәйкес айып тағылған.
Апат 2023 жылы 23 ақпанда Бәйтерек ауданы Бейбітшілік ауылынан алты шақырым қашықтықта орын алған. Тікұшақ «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тапсырысы бойынша коммерциялық рейс орындаған. Апат салдарынан төрт экипаж мүшесі мерт болып, тағы екі адам жарақат алған.
Судья Александра Сидорова қарап жатқан сот отырысында жауап берген куәгерлердің бірі Нұрбек Шакишев тікұшақ апатқа ұшыраған кезде Көлік министрлігінің әуе оқиғаларын тексеру бойынша бас сарапшысы ретінде комиссия құрамында жұмыс істеген.
Оның сөзіне қарағанда, комиссия өз есебінде апат себептерін атап көрсеткен. Атап айтқанда, жермен визуальдық байланыс жоғалған, кері оралу жөнінде шешім уақытылы қабылданбаған, ұшақ қауіпсіз биікке шыға алмаған және төмендеу туралы ескерту жүйесі пайдаланылмаған.
Куәгердің мәлімдеуінше, әуе комиссиясы кінәлілерді анықтамайды, тек оқиғаның себептерін айқындап, мұндай апаттарға жол бермеу жөнінде ұсынбалар береді.
Бастапқыда рейс «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тапсырысы бойынша 2023 жылғы 22 ақпанға жоспарланған, алайда ауа райына байланысты кейінге қалдырылған.
Тікұшақ ұшқан кезде ауа райы нашарлаған. Экипаж жер нысандарын көзбен шола алмаған, бағаналарға қарап бағыт ұстаған. Бағаналар көрінбей қалған кезде экипаж кері бұрылу жөнінде шешім қабылдаған, әйтсе де қауіпсіз биікке көтерілуге уақыт жетпеген.
Комиссия материалында экипаждың іс-әрекеті бұзушылық емес, қателік ретінде көрсетілген. Әуе кемесінің командирі кері қайту жөнінде шешім қабылдаған, бірақ мұны уақытылы істемеген.
Сотта сонымен қатар экипаж мүшелерінің апатқа 12 минут қалғанға дейінгі сәтте не деп сөйлескені мәлім болды. Ұшқыштар ауа райының нашарлағаны, бүйірден күшті жел тұрғаны және алдарының көзге дұрыс көрінбейтіні туралы айтқан. Талқылау кезінде командир бортмеханиктен тиісті нүктеге дейін ұшуды жалғастыру керек пе деп сұраған. Тапсырыс берушінің өкілі де әңгімеге араласып, кейін әуежайға оралуды ұсынған. Апатқа ұшырамастан бұрын командир кері оралу туралы шешім қабылдап, биікке көтерілу қажеттігі жөнінде хабарлаған.
Н.Шакишевтің мәлімдеуінше, апаттан кейін командир тірі болған, экипаждың бір мүшесі арқылы ұшақтың орны туралы мәлімет берген. Бірақ координаттар құтқарушыларға кешіктіріліп жеткізілген. Апатты радиомаяк жерге тікұшақ соғылған кезде жұмыс істеуі тиіс. Алайда қатты соққы болмай, тікұшақ жанай құлағандықтан, маяк жұмыс істемеген. Құтқарушылар да апат орнына жету кезінде қиындыққа кезіккен, ауыр техниканың жүруі үшін трактор шақырып, жолды аршуға тура келген.
Сот отырысында куәгерлерден жауап алу жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауына байланысты іс сотта қаралып жатқанын жазған едік.