Куала-Лумпурде Қазақстанның халықаралық бастамасына орай көрме ұйымдастырылды

Апталық экспозицияны Малайзияның Сыртқы істер министрлігі, Туризм және мәдениет министрліктерінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі ұйымдастырды. Көрменің ашылу салтанатына Малайзияның сыртқы істер және қорғаныс ведомстволары, Ұлттық ядролық агенттігі, шетелдік дипломатиялық корпус және Малайзияның қоғамдық топтарының өкілдері, сонымен қатар Малайзияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Өзінің кіріспе сөзінде ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко ашылу салтанатына қатысушыларды Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың қайғылы зардаптарымен байланысты Қазақстанның ядролық қарусыздануы мен оны таратпау саласындағы бастамаларының тарихымен таныстырып өтті. Ол сондай-ақ 1991 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуы және 1992 жылы жас Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі күштілігі бойынша төртінші арсеналдан ерікті түрде бас тартуы - Қазақстанның ғаламдық ядролық қаруды таратпау және қарусыздануға қосқан елеулі үлесі және зерттеу мен қолдануға тұрарлық үлгі екені атап өтті. Қазақстандық дипломат Астананың басты антиядролық бастамалары туралы, соның ішінде 2009 жылы Семей ядролық полигонының ресми жабылған күні - 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы бастамасы мен БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясының қабылданғаны туралы баяндап берді. Бес Орталық Азиялық мемлекетпен ядролық қарудан азат аймақ құрудың халықаралық қауіпсіздік үшін маңыздылығы жайлы да айтылды. Осы жылдың мамыр айында ресми түрде мойындалған бес ядролық державалардан қауіпсіздік кепілі алынды. Р.Василенко ядролық қарусыздану жағына шешімді қадамдарға қол жеткізу мақсатында Елбасының тағы бір маңызды халықаралық бастамасына - ядролық сынақтардың қоршаған ортаға және адамзатқа қауіпі мен салдары жөнінде әлем қоғамының білімін арттыруына бағытталған «АТОМ» жобасына ерекше тоқталды. «Бүгінде әлемнің 100-ге жуық мемлекеттерінен 100 000-ға жуық адам www.theatomproject.org сайтында әлем үкіметтерін ядролық сынақтарды сынауға жалпыға ортақ тыйым салу жөніндегі Келісімге қосылуға шақырып, «АТОМ» жобасының онлайн-петициясына қол қойды», - деді ол. Сонымен қатар Р.Василенко Қазақстан мен басқа да мемлекеттердегі ядролық сынақтардың тарихы айтылуы керектігін және олар болашақта еш жерде және ешқашан қайталанбау мақсатында келешек ұрпаққа жеткізілуі қажет екенін түйіндеді.