Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті

бишімбаев
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс соттың қарауына жіберілді.

«2024 жылғы 26 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдіктілер Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті», - делінген хабарламада.

Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Күдікті Б.Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша аса ауыр қылмысты жасыру және Қылмыстық кодекстің 434-бабы аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта қозғау туралы шешімді 5 тәуліктен кешіктірмей шығарады», - дейді қалалық соттан.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды.

Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Президент Қ.Тоқаев Ішкі істер министріне Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетсек, биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар