Ішкі істер министрлігі экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсінік берді

полиция
Фото: Мухтор Холдорбеов/Kazinform

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрдің орынбасарынан экс-шенеунік Бишімбаев ісінде неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Марат Қожаев тергеу амалдары барысында іс деректері әзірге жариялауға жатпайтынын айтты.

«Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу ісі басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Атап айтқанда, іс арнайы бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз бір адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, осы іс бойынша сот-медициналық сараптамасы әдетте бір ай жүргізіледі.

Сонымен қатар тілшілер Бишімбаевтың қылмысын жасырған туысына қатысты қандай шара қолданылатынын сұрады.

«Бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде кім қандай жауапқа тартылатыны анықталады. Заң талабы бойынша басқа мәліметті айта алмаймын», - деді Марат Қожаев.

Айта кетейік, 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында 20:30 шамасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жыққан. Әйел жедел жәрдем келгенше жан тапсырды.

Ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде әйелдің қаза табу фактісі бойынша елорда полиция департаменті Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу жұмысын бастады.

11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Бұрынғы министрдің ісі бойынша кісі өлімі тіркелген «Гастро-Орталық» мейрамханасының директоры ұсталды.

 

Соңғы жаңалықтар