Қуаныш Сүлейменов Абай облысы әкімінің орынбасары қызметінен кетті

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қуаныш Сүлейменов
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қуаныш Сүлейменов желідегі жазбасында мемлекеттік қызметтегі жұмысын өз еркімен аяқтағанын жеткізді. Сондай-ақ әріптестеріне, басшылығына және өңір тұрғындарына сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, үш жыл ішінде мол тәжірибе жинағанын және әрдайым адал әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге тырысқанын атап өтті.

- Маған жаңа облыстың алғашқы мемлекеттік қызметшісі әрі мәслихат төрағасы болу бақыты бұйырды. Өңірдің қалыптасуына өз үлесімді қосуға мүмкіндік берілгені үшін мың алғыс, - деді ол.

Қуаныш Серқазыұлы 1973 жылы бұрынғы Семей облысының Шар қаласында туған. Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді.

Оқуын Қазақ мемлекеттік заң академиясында, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанған.

«Шалабай» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. VII сайланған Абай облыстық мәслихатының хатшысы болған.

2023 жылдың наурыз айында Абай облыстық мәслихатының төрағасы қызметіне сайланып, 2024 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеді.

Ал содан соң осы уақытқа дейін Абай облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Еске салсақ, осыған дейін Асқар Ізбасовтың әскери-әуе күштерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар