«Қуаныш» волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» клубын жеңді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының екінші турында сенбі күні орталық кездесу «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қуаныш» (СҚО) арасында болды.

«Жетісу» клубы
Фото: Жетісу ВК

Бұған дейін Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар 28 ұпаймен көш басында келе жатса, Азамат Есімовтің шәкірттері үздік үштікте еді.

Бірінші партияда «Қуаныш» 25:16 есебімен басым түссе, екіншісінде «Жетісу» есе қайырды – 25:17. Бұдан кейін солтүстікқазақстандықтар үшінші партияны (25:19) алса, төртіншісінде есе жіберіп қойды – 23:25.

Шешуші, бесінші сетте есеп 2:5 болған мезетте «Қуаныш» сапындағы Жанна Сыроежкина допты ойынға сәтті қосты – 6:5. Сосын матч соңында да осы жағдай қайталанды. Талдықорғандықтар бес матчболды пайдалана алмай, жеңіліс тапты – 18:20. Қорытынды есеп – 3:2, «Қуаныштың» пайдасында. 

Сенбі күні сондай-ақ «Алматы» ақтөбеліктерді 3:2 (21:25, 25:22, 17:25, 25:13, 16:14) тізе бүктірді.

«Қарағанды» Павлодардың «Ертісінен» 3:0 (25:18, 25:14, 25:17) есебімен айласын асырса, «Тұран» (Түркістан) «Ару-Астананы» қапы қалдырды – 3:0 (25:13, 25:17, 25:23).

Соңғы болып алаңға өскемендік «Берел» мен ұлттық лигаға биыл қосылған «Грация KZ» (Орал) командалары шықты. Бірінші кезеңде қосалқы құрам ойыншыларын шығарған «Берел» оралдықтарға есе жіберді – 22:25. Содан кейін негізгі құрамды қосуға тура келді – 25:15, 25:11. 25:8. Жалпы есеп – 3:1.

Турнир кестесінде «Жетісу» 29 ұпаймен бұрынғыша көш бастаса, «Берел» (28 ұпай) екінші орында. Бірақ өскемендіктердің бір ойыны кем. «Қуаныш» 26 ұпаймен үшінші сатыда тұр.

Жексенбі күні кейінге қалдырылған «Берел» - «Ару-Астана» матчы өтеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» көш басына шыққанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар