Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» көш басына шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» (Талдықорған) клубы көш басына шықты.

«Жетісу» волейбол клубы
Фото: «Жетісу» волейбол клубы

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар жұма күні көш соңындағы «Ертісті» (Павлодар) 3:0 (25:12, 25:6, 25:8) есебімен ойсырата жеңді.

«Жетісу» 28 ұпаймен бірінші орында тұр. Бірақ оны бір ойыны кем «Берел» (Өскемен) қуып жете алады.

Оралдың «Грация KZ» командасын 3:0 (25:21, 25:13, 25:17) есебімен тізе бүктірген «Қуаныш» (СҚО) 24 ұпаймен үшінші сатыда келеді. 

«Ақтөбені» 3:0 (25:21, 25:22, 25:17) есебімен ұтқан «Қарағанды» 21 ұпаймен төртінші орынға орнықты. 

Осыған дейін екі рет қатарынан жеңілген ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) бұл жолы «Алматыны» 3:1 (25:21, 23:25, 25:14, 25:17) есебімен қапы қалдырды. Түркістандықтар 17 ұпаймен бесінші сатыда келеді. 

Сенбі күні «Алматы» - «Ақтөбе», «Ару-Астана» - «Тұран», «Ертіс» - «Қарағанды», «Жетісу» - «Қуаныш», «Грация KZ» - «Берел» командалары өзара ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» екінші рет қатарынан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз. 


Соңғы жаңалықтар