Волейбол: «Тұран» екінші рет қатарынан жеңіліп қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында ел чемпионы «Тұран» клубы тағы да ұтылып қалды.

Кеше тартысты ойында «Ақтөбеге» есе жіберген түркістандықтар (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) бүгін «Қарағанды» командасымен кездесті.
Биыл Нұрлан Садықов жаттықтыратын қарағандылықтар чемпионатты тым-тәуір бастаған болатын.
Бұл жолы бірінші партияда қарағандылықтар 25:21 есебімен басым түсті. Екіншісінде дәл сондай есеппен «Тұран» есе қайырды. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді – 20:25, 20:25. Жалпы есеп – 3:1, «Қарағандының» пайдасында.
Бүгін сондай-ақ «Қуаныш» (СҚО) «Ару-Астананы» 3:0 (25:17, 25:12, 26:24) тізе бүктірді.
«Жетісу» (Талдықорған) ұлттық лига дебютанты «Грация KZ» командасын 3:0 (25:15, 25:18, 25:9 ) есебімен қапы қалдырды.
«Берел» (Өскемен) - «Алматы» матчын алматылықтар жақсы бастағанымен, одан кейін алаң иелері дес берген жоқ - 3:1 (24:26, 25:12, 25:12, 25:15).
Осымен бірінші тур ойындары мәресіне жетті.
Турнир кестесінде бұрынғыша «Берел» мен «Жетісу» 25 ұпаймен көш бастап тұр. «Қуаныш» (21 ұпай) үздік үштікті түйіндесе, «Қарағанды» (18 ұпай) төртінші орынға табан тіреді.
Ертең «Қуаныш» - «Грация KZ», «Тұран» - «Алматы», «Жетісу» - «Ертіс», «Ақтөбе» - «Қарағанды», «Берел» - «Ару-Астана» арасында ойындар өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында 2 команда көш бастап келе жатқанын жазған болатынбыз.