Волейболдан ел чемпионатында 2 команда көш бастап келеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары өтуде.

волейбол
Фото: Әлеуметтік желіден

Осыған дейін көш бастап келе жатқан «Берел» (Өскемен) мен «Жетісу» (Талдықорған) кезекті жеңістеріне қол жеткізді.

Өскемендіктер «Қарағандыны» 3:0 (25:8, 25:21, 25:16) есебімен тізе бүктірсе, талдықорғандықтар «Ару-Астанадан» басым түсті – 3:0 (25:17, 25:21, 25:14). Олардың екеуінде де 22 ұпайдан бар.

Сондай-ақ «Қуаныш» (СҚО) «Алматыны» 3:0 (25:18, 25:20, 25:19) есебімен жеңіп, 18 ұпаймен үшінші орынға нық жайғасты.

Ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) бес сетке созылған тартысты матчта «Ақтөбеге» есе жіберді – 2:3 (17:25, 25:16, 25:17, 18:25, 12:15).

Ұлттық лигаға биыл қосылған «Грация KZ» (Орал) Павлодардың «Ертісін» қапы қалдырды – 3:0 (25:23, 25:21, 25:15). Бұл – оралдықтардың екінші жеңісі.

Бейсенбі күні «Ару-Астана» - «Қуаныш», «Қарағанды» - «Тұран», «Ақтөбе» - «Ертіс», «Грация KZ» - «Жетісу», «Алматы» - «Берел» командалары өзара кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өскеменде волейболдан әйелдер командалары арасында екінші тур ойындары басталатынын жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар