Қуатты Армия - қуатты Қазақстан!

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақ елі мамыр айының күнтізбесіне енген екі бірдей мерекені кеңінен атап өтті. Оның бірі, азат Қазақстанның Қарулы Күш­те­рі­нің құрылғанына 20 жыл толуына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы бұйрығымен белгіленіп, ел Парламенті құптаған 7 мамыр - Отан қорғаушы күні болса, екіншісі, 1941-1945 жылдары аралығындағы екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны тас-талқан еткен 9 мамыр - Ұлы жеңіс күні болатын.
None
None

Ағымдағы жылы Отан қорғаушы күні барша қазақстандықтар үшін ерекше өтті десек те болады. Дәл осы күні 21 жыл ішінде толысып, заманауи қару-жарақпен жарақтанған Қарулы күштеріміз «Отар» 40-шы әскери базасында жауынгерлік парад өткізіп, өз әлеуетін паш етті. Ел тарихындағы тұңғыш Жауынгерлік парадқа 7 мың сарбаз, 400 әскери техника, 80 ұшақ пен тікұшақ қатысты. Шараның ашылу рәсімінде ел Президенті - ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. «Құрметті отандастар! Офицерлер мен сарбаздар! Бүгін - шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күні. Биылдан бастап біз 7 мамырды мемлекеттік мереке ретінде атап өтетін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, сарбаздарымызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұланғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз елін мақтаныш етпеу - сатқындықпен тең» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - Тәуелсіз Қазақстан. Қастерлі отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осынау перзенттік парызымызды біз, әсіресе әскери адамдар адал атқаруға тиістіміз! Сонда ғана біз арманымызға жетіп, Мәңгілік ел бола аламыз», - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Елбасының атап өтуінше, жыл сайын Қазақстанның Қарулы Күштері далалық жерлерде жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізеді. Ал әскери парад сол барлық дайындық шараларының шарықтау шегі болып саналады. Сонымен қатар, бұл - Қазақстан армиясы әскери бөлімшелерінің кәсіби машығының, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі. «Бұл күні, 7 мамырда сардарлар мен сарбаздар нағыз патриот және өздерінің жауынгерлік ісінің майталмандары екенін іс жүзінде дәлелдеп береді. Олардың айбынды әрі өршіл ұраны - «Қуатты Армия - қуатты Қазақстан!», - деді ҚР Президенті.

Н.Назарбаев Қазақстан өз армиясын мақтан тұтатындығын, оны нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын баса айтты. Елбасының сөзіне қарағанда, Қарулы Күштер осы заманғы техникамен жарақтандырылуда. Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен автоматтандырылған басқару тетіктері қарқынды енгізілуде. Әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынуда. Әскери қалашықтарды жоспарлы түрде көріктендіру жүргізілуде. Қазақстанның әскери қызметшілері қазір лайықты қаржылық игілікке ие болып отыр.

«Армияның тәртібі ауыр деседі, бірақ бұл ауыртпалық - ел қорғау бейнеті, қиыншылық бейнеті емес. Армия - біздің егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру - тек қасиетті борыш қана емес, зор мәртебе! Сіздердің қызметтеріңіз - еліміздің Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі. Мен әскери қызметшілерді, ардагерлерді және барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге денсаулық, қызметтеріңіз бен еңбектеріңізге, жауынгерлік даярлықтарыңызға табыс тілеймін! 7 мамыр біздің мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін әрқашан айғақтап тұратын күн болсын! Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Қазақстан жасасын!»,- деп қорытты сөзін Ұлт көшбасшысы.

Осыдан кейін жауынгерлік парад өтіп, көкке зымырандар ұшырылды, бомбалар лақтырылып, қарудың барлық түрінен оқ-дәрілер атылды. Су-25, Миг-29, Су-27, Л-39 және өзге де ұшақтар мен Қазақстанда құрастырылған тікұшақтар көрсетілді. «Жетісу» және «Сұңқар» топтары ұшу мәнерінің жоғары шеберлігін паш етті. Сондай-ақ «Airbus Military» C-295 турбиналы-винтті ұшақтардан әуе десантшылары секірді. Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын көрсету үшін әуедегі нысаналар бойынша С-125 зенитті-зымыранды кешеннен зенитті басқарылатын зымырандар жіберілді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан Каспий теңізіндегі "Казақстан" зымырандық-артиллериялық кеменің ұрыс жүргізу тәсілдері тікелей монитордан көрсетілді. Парадқа Қарулы Күштердің, ІІМ Ішкі әскерлерінің, әскери оқу орындарының, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің, ТЖМ-нің бөлімшелері және Республикалық гвардияның салтанатты батальоны қатысты.

Ұлы Жеңіске - 68 жыл!

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгер қазақстандықтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы арнайы тігілген шатырлар қалашығына келіп, ардагерлермен әңгімелесті.

Соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті: «Барша қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс мерекесі - 9 мамыр күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Жеңістің болған кезі бізден алыстай берген сайын оның қадірі мен қасиеті өсе береді. Бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Сондықтан қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы әрдайым бұл жеңісті есте сақтайтын болады. Ардагерлер арамызда барған сайын азайып барады, ендеше оларды құрметтеп, қадірін жақсы түсінуіміз керек. Олар ерлік, татулық, бірлік көрсетті»,-деді. Нұрсұлтан Назарбаев Жеңіс күнінің халықтың бірлігін, тыныштығын, тұрақтылығын білдіретін символдық мәні барын, бұл еліміздің ең басты жетістігі екенін атап көрсетті.

«Біз азаматтарымызды соғыс отынан сақтай білуіміз қажет. Бүгінде, өкінішке қарай, «ыстық нүктелерден» жеткен ақпараттық мәліметтер дәл бір майдан даласынан жеткендей әсер етеді. Елімізде Тәуелсіздік жылдары ішінде бейбітшілік, достық және келісім салтанат құрып келеді. Осының бәрін сақтауымыз керек, өткен соғыстың тәжірибесі соны көрсетеді. Біз бейбітшіліктің қадірін терең түсінуге тиіспіз. Егер аталарымыз сол кезде жеңіске қол жеткізбеген болса, біз бүгінгі тәуелсіздікті көрер ме едік, көрмес пе едік. Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуға тиіс. Өз кезегінде, мемлекет те оларға жан-жақты көмек көрсетеді және оны одан әрі жалғастыра береді», - деп атап өткен Мемлекет басшысы әр ардагердің отбасына амандық-саулық, бақ-береке, зор денсаулық тілеп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын олармен бірге атап өтетініне сенімін білдірді.

Қазақстан мен Түркіменстан өңірдегі стратегиялық әріптестер

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер өткізіп, одан кейін бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Түркіменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары-Сыртқы істер министрі Рашид Мередов екі ведомство арасындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы, сондай-ақ 2013-2014 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы бағдарламаларды рәсімдесе, Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы мен Түркіменстан ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұдан бөлек ынтымақтастық туралы хаттамаға «Қазақстан темір жолы» ҰК басшысы мен Түркіменстан теміржол көлігі министрі қол қойды.

Осыдан кейін екі елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. «Бауырлас Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке менің шақыртуымды қабыл алып, Қазақстанға келгені үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесуіміз аса нәтижелі болды. Себебі, екі елдің арасында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі қарым-қатынас бар. Біз көршілес мемлекеттерміз. Тарихымыз да, дініміз де, тіліміз де бір. Халқымыз да араласып келеді. Сонымен бірге екі елдің бір-біріне деген қарым-қатынасы, сенімі өте жоғары»,-деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы жеке құрамдағы және жалпы делегациямен келіссөздер барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланғанын атап өте келе: «Халықаралық және өңірлік мәселелерге барынша көңіл бөлдік. Әсіресе, Ауғанстан, Иран, Каспий теңізінің мәселесіне назар аудардық. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы достық байланыстарды дамыту, сауда-саттық, мәдени қатынастарды жоғары деңгейге көтеру жайы қаралды. Бүгінгі қол қойылған құжаттар соның барлығын шешетініне сенім мол»,-деді.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, екі ел Президенттерінің келіссөздері барысында Түркіменстандағы Қазақстан күнін және Қазақстандағы Түркіменстан күндерін өткізу, Зиялылар форумы мен іскерлер форумын өткізу туралы келісімге келген. Екі елдің жастарын Қазақстан мен Түркіменстан жоғары оқу орындарында оқыту да қарастырылған. Түркіменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға жеткізілетін газ тасымалдау жүйесінің бүгінгі қуаты 40 млрд. текше метр болса, болашақта оның өткізу қуатын үшінші желіде 60 млрд. текше метрге жеткізуге келіскен. Сондай-ақ Ақтауда Түркіменстанның, ал Түркіменбашыда Қазақстанның консулдығын ашу уағдаластығына қол жеткізілген.

Өз кезегінде бүгінгі келіссөздер Түркіменстан мен Қазақстанның бауырлас екі халық арасындағы тату көршілік байланыстардың үздіксіз нығаюы үстінде екендігін қуаттай түскендігін баса айтқан Г.Бердімұхамедов: «Біз Қазақстанмен тең құқылы әрі өзара тиімді ұстанымдар негізінде қарқынды әрі тұрақты дамып келе жатқан қарым-қатынасымыздың ахуалын жоғары бағалайтындығымызды атап өткім келеді. Біздің өзара сауда айналымымыз үздіксіз артуда, мәдени, ғылыми, гуманитарлық және басқа да салалардағы байланыстарымыз кеңеюде. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымымызға ерекше мән береміз, оны өзіміздің басымдықты әріптестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз, мен мұны баса айтқым келеді», - деді.

Түркімен басшысының атап өтуінше, өйткені екі елді ғасырларға ұласқан тату көршілік, ортақ мәдениет пен тіл байланыстырып отыр. Сонымен қатар Түркіменстан бұл баға жетпес құндылықты сақтауға әрі бүгінгі күннің талаптарына жауап беретін жаңа мазмұнмен толықтыра түсуге ниетті.

Г.Бердімұхамедовтың айтуынша, бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшылары Ауғанстандағы жағдайды реттеу, Каспий пен Арал теңізін құтқарудағы өзара іс-қимылдар сынды барынша өзекті мәселелерде өзара түсіністік танытатындығын тағы бір мәрте қуаттай түскен.

Соңғы жаңалықтар